Өскемен
ясно
+12°
  • Өскемен
    +12°
  • Алматы
    +11°
  • Астана
    +16°
  • Ақтөбе
    +21°
  • Актау
    +22°
  • Орал
    +19°
  • Қарағанды
    +13°
  • Көкшетау
    +18°
  • Қостанай
    +23°
  • Қызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +21°
  • Тараз
    +12°
  • Туркестан
    +19°
  • Шымкент
    +14°
$
443.35
475.54
¥
61.18
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Таунар Қайрат
Ақпарат көзі:
Устинка

35 жыл бойы тіс емдеумен айналысып келеді

Марқакөлдік Мұқаш Нұрсейітов балалық арманын азаматтық мақсатына айналдырған

"Тәні саудың - жаны сау" демей ме, қазақ атамыз. Түймедей ғана тісіңнен кінәрат шығып қақсаса, бұрау салғандай сай-сүйегіңді сырқыратып, зар қаққызатыны белгілі. Осындайда еріксіз ақ халатты абзал жандардан ауырған жаныңызға араша сұрауға тура келеді. Ал бұндай жауапкершілігі мол жұмысты арқалау әркімнің қолынан келе бермесі хақ. 

Сәті түсіп бұрынғы Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылының тумасы, білікті стоматолог дәрігер Мұқаш Нұрсейітовтің еңбек жолымен танысып қайтқан едік.

"Бала күнгі арманым"


Кейіпкеріміздің тіс дәрігерлік қызметін арқалап келе жатқанына биыл 35 жылдан асыпты. Жастық шағының алтын уақытын көңілі қалаған саласына шындап арнады. Себебі ол балалық арманын азаматтық мақсатына айналдырды.
- 1978 жылы орта мектепті бітірдім. Ауылда бір жылдай жұмыс істедім. Сәті түсіп 1979 жылы өзім армандаған Қарағандыдағы медициналық институтқа оқуға түстім. Онда стоматология факультеті бір жыл бұрын ғана ашылған екен. Шыны керек, ол кезде бізге сабақ беретін ұстаздарымыз өте білімді болды. Алғаш ашылған факультеттің тәртібі мен талабы қатал болды. Ауылдан келген біздің сабақ үлгерімімізді қатаң түрде қадағалап отыратын. Сондықтан болар, сол білім ордасынан ұшқан түлектердің ешқайсысы жерде қалмады. Бірге оқыған қыз-жігіттер арасынан дүние жүзіне танылған доктор, профессорлар көп шықты. Оқуымды бітіре салысымен Өскемен қалалық тіс емдеу емханасында алғашқы қызметімді бастадым. Тіс дәрігері болу - менің бала күнгі арманым еді. Бір күні Асубұлақ кентіне жол түсіп қонаққа барғанмын. Сол қонақасыға жергілікті аурухананың бас дәрігері де келіпті. Жөн сұрасқаннан кейін бірден әңгімеміз жарасып кетті. Әңгіме барысында ол кісі маған Асубұлақ кентіндегі ауруханада тіс дәрігері болып жұмыс істеуге ұсыныс жасады, - дейді Мұқаш Нұрсейітов әңгімесін бастап.
Бастапқыда аурухана қызметкерлері қателесіп жаңа келген жас маманға күніне 45 науқасты қабылдауды жазып қойыпты. Негізі жаңа келген мамандар күніне 18 пациентке дейін ғана қабылдауы керек екен. Тіпті қосымша қағаз жұмыстары да оның жауапкершілігінде болса керек. Кейіпкеріміз кісі емдеу жағынан еш шашау шығармай, тек қағаз толтыру жұмысына ғана үлгірмегенін айтады. Осы бір қиындықтар оның маман ретінде шыңдалуына оң әсерін тигізсе керек. Бас дәрігердің өзі оған таң қалыпты.
- Бір күні біздің ауруханаға бір сарбаз келіп түсті. Ерні жырылған, бет-аузы қан-жоса. Бірақ ешкім бас дәрігерсіз емдік жұмыстарын істеуге батылы бармады. Сол кезде бас дәрігер "ауырып келген науқас болса, хабарласыңдар" деп кетіп қалған болатын. Дәрігерлер бірден оған хабарласқан сияқты. Ол кісі келгенше мен жараны тігуге кірістім. Бір кезде жүгіріп бас дәрігер де кіріп келді. Көрді де "жалғастыра бер" деп ишара жасады. Бет терісін толықтай тазартып тігіп болдым. Ал бас дәрігер, "бізде бет-жақ сүйектерін емдейтін маман жоқтың қасы, сен дайын тұр екенсің ғой" деп мақтады, - дейді Мұқаш Зайнолдаұлы.
Кейіпкеріміз жұмысынан бөлек спортқа да жақын болды.
- Жаңа ортаға бірден үйренісіп кеттім. Өзім бала күннен волейбол ойнағанды жақсы көретінмін. Күнде кешкісін спортзалға жиналып волейбол ойнаймыз. Алғашында Ұлан ауданының волейбол құрама командасында ойнадым. Қазіргі кезде ардагерлер арасында өзіміздің командамыз бар. Құрылысшылар Мәдениет сарайында жаттығамыз. Облыстық, республикалық және халықаралық ойындарда жүлдегер болдық. Түркияға барып волейболдан бірінші орынды қанжығалап қайтқан сәттеріміз де болған. Менің осы ортаға тез сіңіп кетуіме спорттың ықпалы көп болды десем артық айтқандық болмас, - дейді ол.

Шалғай ауылдан келген шебер дәрігер


Уақыт шекті болғанымен білім шексіз ғой. Мұқаш Зайнолдаұлы кентте қызмет істеп жүріп Алматыдағы профессор Мақсұт Темірбаевтың курсына қатысып, өзге өңірлерден келген әріптестерін біліктілігімен таң қалдырған. 
- 1998 жылы профессор Мақсұт Темірбаев Алматыда тіс емдеу саласын дамыту мақсатында арнайы екі айлық курс ашты. Ол жерге Германия, Жапония және тағы бірнеше елден үлкен мамандар келген болатын. Мен де сол жиынға қатыстым. Жиналғандар түгел ірі қалалар мен аудандардан келген дәрігерлер. Тіркеу барысында біздің қайдан келгенімізді, қандай аспаптармен жұмыс істейтінімізді сұрады. Ол кезде мен кеңес кезіндегі ескі құрал-жабдықпен жұмыс істейтін едім. Келгендердің бәрі жаңа техниканы меңгерген мамандар. Шеттерінен білімді көрінді. Өзімнің жұмыс істеп жүрген жерімді айтуға ыңғайсызданып, "Ұлан аудандық Асубұлақ кенті ауруханасынан келдім" деп айта салдым. Жауапты адам келген жерімді тіркеп жатып "босқа келдің" дегендей селқос жаза салды. Сабақ барысында теория мен практика қатар жүрді. Тіс емдеуге қатысты бірнеше сұрақтар қойылып жатты. Бәрі айтып жатыр. Бір кезде "Өскемендік дәрігер не айтады екен?" деп кезекті маған берді. Шамам келгенше білгенімді түйіндеп мен де аянып қалмадым. Жауабымды тыңдаған профессор сәл ойланып тұрып, "бүгін сен менен емес, керісінше мен сенен көп мағлұмат алдым" деп риза болып қалып еді. Сол жолғы сапарда тіс емдеудің техникасын жақсы меңгеріп қайттым, - дейді дәрігер.
Мұқаш Нұрсейітов астанада болған кезінде профессор оның біліміне қызығушылық танытып, Алматыда қалуын өтінеді.
- АСИПО-да республика бойынша жолдамамен келген пациенттерді емдеп тіс салдық. Профессор Мақсұт Темірбаев сол кезде Никольский базары қасында жекеменшік тіс стоматологиясын ашқан болатын. Мені соған жұмысқа шақырды, - деді профессор.
Курс мерзімі аяқталған соң ол ауылдың жайын ойлап Асубұлақ кентіне қайта оралады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін аталмыш кенттегі комбинат өз жұмысын тоқтатқандықтан тұрғындар қалаға қарай ойысады. Жұртшылық үдере көшіп жатқандықтан сол жердегі аурухананың да жағдайы өзгеріске ұшырай бастайды. Осы сәтте Мұқаш Зайнолдаұлы жұмысын қалаға ауыстырып, өзінің жеке стоматологиялық кабинетін ашуды көздейді.

 2002 жылы көптен күткен алғашқы "Жұлдыз" стоматологиялық кабинетімді аштым. Бастапқыда қаржылық жағынан біраз қиындықтар болып, жаңа техника алуға мүмкіндік болмады. Көбі маған сенімсіздікпен қарайтын. Себебі басқа әріптестерім жаңа техникамен жұмыс істейтін. Бірақ уақыт өте келе біліктілігімді көрсете алдым. Кейін аядай ғана жерде емделушілер ұзын-сонар кезекте отыратын болды, - дейді Мұқаш Нұрсейітов.

"Мамандар тұрақтамайды"


Бір таңқаларлығы, бір кездері күдікпен, үрейлене қарайтын тұрғындар бүгінде ауру азабының тыныштығын Мұқаш ағаның стоматологиясынан тауып жүр. Тіпті өзі құралпас тіс дәрігерлері осы стоматологияда жұмыс істеуге құштар екен.
- Қазір көптеген студенттер бізде тәжірибеден өтіп жатыр. Тәжірибе барысында көзге түскен білімді студенттер болса, өзімізге жұмысқа алып қалуға тырысамын. Көп жағдайда стоматологиялық кабинеттердің жұмысы ұзаққа бармай тоқырап жатады. Мамандар да көп тұрақтамайды. Меніңше, арнайы кабинеттер стоматолог маманды өздері тәрбиелейтін деңгейде болуы керек, - дейді ол. 
Расында да бұл мамандарды тұрақтандырудың қарапайым жолы болса керек. Себебі бір дәрігер жұмыстан кетсе, соған бола жұмысты тоқтатып қоюға болмайды ғой. Өз біліміңізбен жаңа маман дайындауға мүмкіндігің болады.

Дәрігердің сөз арасында бос уақытының біраз бөлігін кітап оқуға да арнайтындығын айтып қалды. 
- Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 35 жылдан асты. Көп жағдайда замандастарым "неге басқа мамандарды жұмысқа алып, өзің жұмсақ орында отырмайсың" деп жатады. Бірақ менің ойымша, адам белгілі бір саланы таңдаған екен, бойыңнан қауқар кеткенге дейін еңбек ету керек сияқты. Мақсатым - жайлы орынға отыру емес, көпке қолдан келгенше қызмет көрсету. Осы оқуды сол үшін оқыдық емес пе? Мен үшін жұмсақ креслода отырғанша бір адамға болсын ем жасағаным әлдеқайда пайдалы. Бос уақытымда кітап оқимын. Әсіресе ақиық ақын Мұқағалидың кітаптары. Өкініштісі, өлең жазбаймын. Бірақ менің кітапқа деген құштарлығымды жақсы білетін жора-жолдастарым мені "Мұқағали" деп атайды, - дейді ол.
"Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі" демей ме даналарымыз. Осы орайда ерекше бір айта кететіні, кейіпкеріміздің ұл мен қызы әке жолын қуып тіс дәрігері болса, екінші ұлы экономист болып қызмет істейді екен.
- Үлкен ұлым Тілек стоматолог болып жұмыс істегеніне 10 жылдан асты. Білікті маман имплант салудың жаңа әдіс-тәсілін жете меңгерген. Қызым Жұлдыз тіс дәрігері мамандығын 6 жыл оқып, бітірді. Еңбек жолын бастағанына 2 жыл болды. Бала күндерінен үйде естіп-көргендері 32 тістің әңгімесі болса, қалай дәрігер болмасын?! Бір қызығы, балалар жастайынан өздері қызығушылық танытатын, - дейді дәрігер.
Стоматологиялық кабинеттің іргетасының қалануына Мұқаш Зайнолдаұлының зайыбы Мархабат Сайынқызының қолдауы да аз емес. Соның нәтижесінде стоматологияда санитарлық талаптар қатаң түрде сақталып отырады. Қоса кетейік, Мархабат Сайынқызы да Қарағанды медициналық институтының түлегі. Мамандығы - санитарлық дәрігер.
Следующая →