Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Кәрімова
Ақпарат көзі:
Устинка

Тұғылдағы ауызсу мәселесі шешімін тапты ма?

Тарбағатайдағы тұғылдықтардың мәселесін аудан әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев өз көздерімен көріп қайтты

Бүгінде "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында елді мекендер таза ауызсумен қамтамасыз етіліп жатқаны белгілі. Газетіміздің өткен сандарының бірінде Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында сапасыз жұмыстың салдарынан ауызсу тартылса да тұрғындардың әлі суға жарымай отырғаны туралы мақаламыз жарияланған болатын. Мәселені аудан әкімі мен Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев көріп қайтты. 

2018 жылы "Ақ бұлақ" бағдарламасы бойынша су құбырының құрылысы басталғанда ауыл тұрғындарының қуанышы қойнына сыймай, құрылыс жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана күткен. Өйткені тұғылдықтар көшенің басында тұрған құдықтан су тасып шаршаған. Бір жылдан кейін жобаға сай құрылыс жұмыстары аяқталып, әр үйге орталықтандырылған су жүйесі тартылған. Бірақ құбыр арқылы үйге келіп тұрған судың қызығын тұрғындар 3-4 ай ғана көрген. Қыста мол болып ағып тұрған су қазір бәсеңдеп қалған. 
- 2019 жылдың соңына қарай ауылға су тартылғанда қатты қуанған едік. Өкінішке орай, қуанышымыз ұзаққа созылмады. 5 мың тұрғыны бар ауылда ауызсу мәселесі мүшкіл. Өзім көпбалалы анамын. Тұрғындардың көбі зейнеткерлер. Жастар қалаға жұмысқа кеткендіктен құдықтан су тасып ішу оларға қиынға соғуда. Ауызсуды үйіміздің ішіне дейін кіргізсек те, одан еш пайда жоқ. Себебі су дұрыс келмейді. Ауылдың төменгі жағына ғана жетеді де жоғары жағына жетпей қалады. Мердігер компанияның басшысына хабарласқан едік, "мен не істеймін?" деп ол да нақты ештеңе айтпай отыр. Әкімдікке хабарлассақ, олар да "шарасызбыз" дейді. Сонда біз судың өзі ағып келуін күтіп отыра беруіміз керек пе? - дейді ашынған ауыл тұрғыны Нәзипа Кешубаева. 
Айта кетейік, қазір аталған ауылда бас көтеріп, мәселені шешіп берер әкім де жоқ. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, ауыл әкімінің жұмыстан шығып кеткеніне біраз болыпты. 
- Мәселемізді тыңдайтын ауылда әкім де жоқ. Әкімдіктегілерге бірнеше рет айттық. Бірақ шағымдансаң, бірнеше күн ғана су жақсы келеді. Одан кейін қайта тоқтап қалады. Қазір бүкіл ауыл тұрғындары бірігіп, жер құдықтан су тасып ішіп отыр. Ыстық күннің астында сағаттап кезекте тұрамыз. Кейде құдық суы таусылып қалады. Тіпті, ол жерде карантин талабы мен тәртібі мүлдем сақталмайды. Ауру жұқтырып алмасымызға кім кепіл? Алда қыс келе жатыр. Қыста да осылай су тасып ішеміз бе? Жұмысты неге сапалы істемейді? Зардабын тұрғындар көріп отыр. Басшылық біздің бұл мәселемізді тез арада шешіп берсе дейміз. Тендерді ұтып алған Қайрат Нәбиев болатын. Ақшаны алды, суды тартты. Үйге кіргіздік, есептегіш қойдық. Келісімшартқа отырдық. Бес-алты айдың жүзі болды су көрмегелі. Мынандай лай суды бізге жібереді анда-санда. Халық осы лай суды ішіп жатыр, - дейді Нәзипа Кешубаева.
Мәселенің байыбына бару үшін аудан әкімдігі берген жауапқа үңілсек... Бір қызығы, жауапты мекеме басшысының орынбасары "тұрғындар суды дұрыс мақсатта пайдаланбай отыр" дегенді алға тартады. 
- Тұғыл ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды "ПМК құрылысы" ЖШС жүргізді. Нысан 2018 жылдың 21 желтоқсан айында қабылданды. Қазір ауылда 1090 ошақ бар. 
841 үйге құбыр суы кіргізілген. Су толыққанды ауылға жету үшін скважина жеткілікті. Тұрғындар суды ауызсу ретінде емес, шаруашылық бағытында пайдаланғандықтан су жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан насостық станциядағы өрт сөндіру насосын қосымша қостық. Насос қосылғаннан кейін су жеткілікті беріле бастады, - дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабырбаев.
Оның айтуынша, өрт сөндіру насосын қос-қан кезде резервуар-
дан су қашып, жарық пайда болыпты. Қазір мердігер компания қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. 
- Аталған ауылда ескі трассалар да жұмыс істеп тұр. Жаңа трассалар толық қосылған жағдайда ескі трассаларды өшіріп, су толыққанды берілетін болады, - дейді Серік Сабырбаев.
Ал тұрғындар болса, жауапты мекеме басшылығының сөзімен мүлдем келіспейтіндіктерін жеткізді. 
- Жауапты мекеменің бізге таққан кінәсімен мүлдем келіспейміз. Ауыз суға зар болып отырғанда бақша суарар жәйіміз жоқ. Сапасыз жұмыстың нәтижесіне халықтың қандай кінәсі бар? Көлдің іргесінде отырып, не ағынсу, не ауызсу жоқ. Жөндеу жұмыстарын да әлі бастамады. Бақша суарып отырсақ, өсіріп отырған гүлдеріміз неге қурап қалды? - дейді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, естір құлақ болмаған соң Тұғыл ауылы тұрғындары Nur Otan партиясы ҚБ төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атына хат жолдаған болатын. Осы арызға сәйкес 4 тамыз күні "Nur Otan" партиясының Тарбағатай аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өткізіліп, нысанға партиялық рейд жүргізілді. 

Тұрғындардың мәселесі көп ұзамай жауапты мекеме басшылығына да жетті. Аудан әкімі мен Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев Тұғылға барып, тұрғындармен кездесті. 
- Тұғыл ауылындағы "Ақбұлақ" бағдарламасымен тартылған су жүйесіндегі кем-кетіктердің салдарынан бірқатар мәселе туындаған болатын. Тұтынушылардың құқығы басты назарда болғандықтан, жағдайды уақыт создырмай ретке келтіру үшін осыған мүдделі барлық тараптар өз міндеттеріне сәйкес тиісті іс-қимылға кірісті, - 
дейді аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов.
Тұрғындармен кездесу барысында Шығыс Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев жауапсыздық танытқан мердігердің жұмысын қатаң сынға алды. 
- "ПМК-Құрылыс" ЖШС директоры Қанат Халеловке қатысты хаттама толтырылып, 15 тамызға дейін резервуардың (су жинақтаушы қондырғы) жарық-тесігін жөндеуге уақыт бердік. Жұмысты қалпына келтіру мерзімі аяқталған соң жұмыстың бас-аяғы, нәтижесі тексеріліп, сапасына бақылау жасалып, қабылдап алатын боламыз, - дейді Дәулет Батырбаев.
Мердігерлер нысан пайдалануға берілгенде мұндай мәселелер туындамағанын айтып ақталады. Енді жақын арада олқылықтарды орнына келтіреміз деп уәде берді.
- Дәл қазір бізге проблема болып тұрған осы резервуар. 13 шілдеден бастап қазіргі таңға дейін мәселе болып тұр. Ол проблеманы "Nur Otan" партиясы тарапынан комиссия келіп тексерді. Сол жерде де уәде бердік, бір апта деп. Біздің есебіміз бойынша бір апта ішінде жасауымыз керек. Қалай болғанда да, біздің кепілдік уақытымыз бар, 2021 жылға дейін. Ол жерде ешқандай әңгіме жоқ, келісімшарт негізінде, - дейді мердігер компания директоры Қанат Халелов.
Десе де, тұрғындар көңіліндегі күдік әлі сейілер емес. Себебі тұрғындар бұған дейінгі сапасыз атқарылған жұмыстың салдарынан әбден әбігерге түскендерін айтуда. 
- Ауызсу тартуға қаншама қаржы бөлінді. Бірақ атқарылған жұмыс сапасыз. Жаңа салынған дүниелер іске қосыла сала тесіліп жатыр. Соның салдарынан сусыз қалдық. Тіпті ауылдағы ауруханада да су жоқ. Тасып ішіп отыр. Жауапты мекеме мердігерге қысқа мерзім ішінде олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды. Тағы да бұрынғыдай шала-шарпы бітіре салмасына кім кепіл? Басқарма басшылары мәселемізді түбегейлі шешіп берсе дейміз. Қыс маусымында тағы сынса, онда қара құдық суына да зар болуымыз әбден мүмкін, - дейді ауыл тұрғыны.

Следующая →