Этот сайт собирает метаданные пользователя (cookie, данные об IP адресах и местоположении). Это необходимо для функционирования сайта.
Продолжая пользоваться сайтом, Вы даете согласие на использование ваших cookie-файлов.
Өскемен қаласындағы Қазыбек би көшесі, 7/1 мекенжайының тұрғындары кезекті жарылысқа қарсы тұрды. Бұған дейінгі жарылыс салдарынан тоғыз қабатты үйдің қабырғалары мен төбелері сызаттанып, жарық пайда болған
Үйлерге зақым келді
- Жарылыс салдарына үйіміздің төбесі сызаттанып, зақым келіп жатыр. Оның үстіне жарылыс болған кезде балалар қорқады. Осындағылардың көбі жас отбасылар. Кейде балалр жарылыстан шыққан қатты дауыстан шошып, жылап келеді. Бұған дейін 7-8 рет жарылды. Бірнеше рет ескертсек те еш нәтиже жоқ. Енді, міне, тағы жарамыз деп жатыр. Сонда тұрғындардың бас амандығын кім ойлайды? Оларға құрлыс бітсе ғана болды. Маңындағы тұрғындардың пікірімен санасып та жатқан жоқ. Ақыры осылай жиналып қарсы тұрмасқа болмады. Кезекті жарылысты тоқтатуын талап етеміз. Енді үйіміздің құлағанын күтіп отыра алмаймыз, - дейді тұрғындардың бірі Алмас Ағызасов.
«О бастан қарсы болдық»
- Жарылысқа басынан бастап қарсы болдық. Десе де, біздің талабымыз ескерусіз қалып, жарылысты осыған дейін жүргізіп келді. Қазір жарылыс салдарынан пайда болған сызаттар ұлғайып келеді. Үйдің терезелері де дұрыс ашылмай қалды. Жаңа баспанамызға енді қолжеткіздік пе дегенде осындай жағдайға тап болдық. Жарылыс кезінде далаға шығыңдар дейді. Кейде жаңбырда кішкене баламмен далаға шығуға тура келеді. Бастапқыда бес күн бұрын ескертеміз деген. Алдыңғы жарылыста екі сағат қалғанда ескертті. Тіпті 15 минут уақыт қалғанда ескерткен кездері болды. Қатты дауыстан үй дүмпіп кеткенде, баларым қайда барарын білмей қалады. Үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргізгенбіз. Барлығы бекер болды, - дейді тағы бір тұрғын Бақыт Айкеқызы.Тұрғындардың бұл қарсылығын облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары да біліп отыр.
- Осы жерде бүгінге дейін 7-8 жарылыс жасалды. Соның салдарынан біраз ақаулар болды. Біз күнделікті тексеріс жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Бірінші келіп тексергенімде, үйдің ішкі қабырғалары қапталған гипсокартондарға зақым келді. Бүлінген бөлікті жарылыс жасаған мердігердің есебінен қайта жөндеп береміз дедік. Сол кезде тұрғындар жарылыстың жүруіне келісімдерін берген. Қазір тұрғындардың талабына сәйкес бүгін болатын жарылысты тоқтатып тұрмыз. Енді арнайы сарапшылар тұрғын үйге сараптама жұмыстарын жүргізеді. Тексеріс нәтижесі екі-үш күнде дайын болады. Жарылыстарды жүргзу үшін Өндірістік қауіпсіздік департаментінің басшысын шақыртамыз. Подъездерде ешқандай ақау көріп тұрған жоқпын, пәтерлерде ақау бар, - дейді ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әсет Сүлейменов.
Комиссия шешімі қашан шығады?
- Біз жауапты мекеменің шешімі оң нәтиже көрсетсе де, жарылыстың тоқтауын талап етеміз. Себебі көріп тұрғандарыңыздай әр жарылыс сайын сызаттар үлкейіп жатыр. Үйіміз дәл жарылыс үстінде құламаса да, жарылыс салдарынан кейін құлауы әбден мүмкін. Ол кезде кімді жауап береді? Қазыбек би көшесі, 7/2 үйдің бірінші подъезінің 5-қабатында бірнеше жерде жарықтар пайда болды. Ешқандай комиссия мүшесі келіп көрмеді. Көрсе, подъездерде ешқандай жарық жоқ деп айтпас еді, - дейді тұрғын Айгерім Мейрамбекқызы.Жауапты мамандар сақтық шаралары барынша қатаң сақталатындығын айтқан еді.
Тұрғындар жауапты мекеме тағы да талабымызды ескерусіз қалдыра ма деп алаңдаулы. Енді облыс әкімінен көмек сұрамақ.- Жарылыс орнынан жақын объектілерге дейінгі қашықтық кемінде 125 метр, бұл қауіпсіз қашықтық, - деп түсіндірген болатын мердігер Владимир Лысенко. - Біз қосымша жер жамылғысын жасадық, үстіне темірбетон плиталарын төседік. Бұл тасты топырақтардың шашырауын 100 пайызға дейін болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғын үйлерге сейсмикалық әсерді азайту мақсатында жарылғыш заттың минималды мөлшерін анықтау үшін есептеу жүргізілді, барлық есептеулер облыстың Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментімен расталды.