Кинотеатр жабыла ма?
Әлеуметтік желілерде Семей қаласындағы "Еңлік-Кебек" кинотеатры жабылады деген хабар тарап, тұрғындар арасында қызу талқыға түсіп жатыр
Енді ғимаратта Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония орналасады деп хабарланған. Осы ақпарат тарағалы семейліктер қаладағы көпшіліктің сүйікті орындарының бірі жабылатынына қапа болып қалған.
Следующая →
- Менің әкем осы кинотеатрда 37 жыл киномеханик болып қызмет етті. Менің бүкіл балалығым осында өтті. Қаладағы жалғыз есі дұрыс бөлек тұрған кинотеатрдың жабылатындығы көңілге қаяу түсіреді, - дейді қала тұрғындарының бірі Жәмилә."Филармонияның кімге керегі" бар деген пікірлерін білдірген желі қолданушылары да жоқ емес.
- Қанша қаржы құйып, филармония ашар. Бірақ сосын ол филармонияға ешкім бармайды деп тағы да жауып тас-тайды. Шынтуайтына келгенде классикалық музыканы жақсы көріп таңдайтындар бар шығар, бірақ аз, - дейді семейлік Евгения."Еңлік-Кебек" кинотеатры қойнауы тарихқа толы бұл қаланың ажырамас бір бөлшегі екенін айтады бұндағы тұрғындар.
- Қаланың бетке ұстар нысандарының бірін сақтап қалуға болмай ма? Бүкіл қала тұрғындары барып жүрген сапалы кино көрсететін сүйікті орын еді, - деп ашынады семейлік Дина.Бұл жағдайға қатысты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі де түсініктеме берді.
- Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының "Еңлік-Кебек" кинотеатры ғимаратын 2004 жылы "Мунира" ЖШС 15 жыл мерзімге, кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға алды. Өткен жылдың желтоқсан айында сенімгерлік басқару шартының мерзімі аяқталды. "Мунира" ЖШС келісімшартты ұзартуға ниет білдірген жоқ, - деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегілер.Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 15 наурыздағы №65 қаулысымен кинотеатрды жабу туралы шешім қабылданды. Енді ҚР Азаматтық кодексінің 50-бабына сәйкес, кинотеатрды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
- "Еңлік-Кебек" орналасқан ғимарат облыстық коммуналдық меншікте болғандықтан кинотеатр ғимаратының одан әрі тағдыры туралы мәселе рәсімдер аяқталғанға дейін белгісіз. Ғимараттың сақталуына уақытша филармония жауап береді, - дейді мекемедегілер.
Тақырыптар:
Шығыс Қазақстан облысы