Тұрғындар далаға шығуға арналған рұқсат қағаздарын қайдан алады?
Өскемен, Семей қалаларында халықтың жүріп-тұруына, көлік қозғалысына шектеу енгізілетіндіктен, енді тұрғындар белгілі бір күндері тек арнайы рұқсат қағазымен дүкенге, дәріханаға және банкке ғана бара алады
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес қаланың кіре берістеріне блок-бекеттер қойылып, қала ішіндегі халық, көлік қозғалысын елу пайызға азайту мақсаты тұр.
- Блок-постарда тұрған полиция қызметкерлері ақпараттық жүйелер арқылы қалаға кіріп-шыққандардың мекенжайын, тіркелген мекенжайын анықтау үшін арнайы базадан тексереді, - деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов. - 6 сәуірден қала ішінде де көлік қозғалысына шектеу қойылады. Тек қызметтік көліктер ғана қатынайды. Мемлекеттік нөмірлік белгілері бар көліктердің жүргізушілері егер нөмір тақ саннан аяқталса - айдың тақ күндері, егер жұп санға және нөлге аяқталса - жұп күндері жүреді. Күндіз көлік қозғалысы шектелсе, түнде тоқтатылады. Адамдарға көшеде жүруге болмайды. Шартты түрде Өскемен қаласы 200 шаршыға, ал Семей 202 шаршыға бөлінеді. Әр шаршыны тәулік бойы арнайы жаяу және көлікті тәртіп сақшылары күзетеді. Адамдар өздерімен бірге жеке бас куәлігін алып жүруі керек, полиция қызметкері сұраса көрсетуге міндетті.
Шектеу уақытында тұрғындарға берілетін рұқсат қағаздарды көпқабатты үй тұрғындары пәтер иелері кооперативінен, кондоминимумдерден алса, жер үйлерде тұратындар жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінен алады. Мамандар әр ауданның тұрғындарына рұқсат қағаздарын қай уақытта, қайдан келіп алу керектігін хабарлайды. Ал Семей қаласында бұл қағаздарды тарату үшін тіпті арнайы 50 жылжымалы пунктілер ұйымдастырылған. Жалпы екі қалада да ПИК, ЖӨӨБК, кондоминимумдер 2020 жылдың 2 сәуірі сағат 8.00-ден 00.00-ге дейін жұмыс істейді.
Рұқсат қағаздары ақ және жасыл түсті болады. Ақ түсті карта – айдың жұп күндері, жасыл түсті - тақ күндері шығуға рұқсат етеді. Бір отбасыға – бір карта. Бұл картаның жасыл не ақ түсті болуы сіздің жеке автокөлігіңіздің тіркеу нөмірінің соңғы санына немесе тұрғылықты мекенжайыңыздың нөмірінің соңғы санына байланысты. Сонымен қатар, осы рұқсат қағазымен аптасына үш рет қана қажет жерге шығуға болады.
- Өскемен қаласында 1723 көпқабатты тұрғын үй және 20 мыңнан астам жер үй бар. Барлық ПИК, ЖӨӨБК, кондоминимумдерге рұқсат қағаздары жіберілді, - деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. - Одан өзге, Өскемен қаласы бойынша қоғамдық көлік қозғалысы бір апта ішінде қысқартылады. 35 стратегиялық кәпіорын мен қала тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлерін белгіленген бағыт бойынша жұмыс орындарына дейін 204 автобус, 54 шағын автобус және 10 трамвай жеткізетін болады.
Қала тұрғындары өзінің қай ПИК, ЖӨӨБК, кондоминимумге қарайтындығын kdmyk.kz сайтына кіріп көре алады.