Жатақханадан өрт шығып, 110 адам құтқарылды
Бүгін түнгі уақытта Семей қаласындағы 101 арнасына Засядько көшесіндегі он қабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы хабар түскен
Жатақхана тұрғындары шырт ұйқыдан оянып, далаға қашуға мәжбүр болды. Өйткені бірінші қабаттағы қоймадан өрт шыққан. Онда жатқан картон өртенген екен.
135 адам ғимараттан өздері шықса, қалғаны 110 ересек пен 50 баланы құтқарушылар шығарған. Оқиға орнына 8 өрт сөндіру көлігі мен 28 маман жетті. 1.20-да тілсіз жау ауыздықталды. Семей қалалық ТЖ басқармасы өрт салғырттықтан шығуы мүмкін дегенді болжайды. Оның үстіне қоймаға картон сақтаған адамның да кінәсі бар. Дегенмен ешкім зардап шеккен жоқ.
- Техникалық ойықтарды қойма немесе қосалқы алаңға айналдыруға тыйым салынады, - деп ескертті мамандар. - Өрт қауіпсіздік талаптарын бұзғандар ҚР ӘҚК 410-бабы бойынша жауапқа тартылады. Яғни, жеке тұлғаларға 5 АЕК, заңды тұлғаларға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе ҚР ҚК 292-бабы бойынша 50 АЕК айыппұл не 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Енді Семейдегі оқиғаға айыпты анықтау қалды. Ешкім зардап шекпегендіктен айыптыға тек айыппұл салынады.