Шығыстағы ауылдардың бірін қаракүзен мекендеп жүр
Қаракүзен бір үйдің ауласына келгіштей беретін көрінеді. Тіпті, шаруашылық нысандарды еркін аралап, үркімейді
Ұлан ауданының Азовое ауылының тұрғындары бұл қонақты бірнеше күн бұрын байқаған.
- Есік алдында тықырлаған дыбыс шықты. Көлікжайдың ішінде қаракүзен жүр екен. Ол тоңазытқышта тұрған балықты алмақшы екен, - дейді жергілікті тұрғын Никита. - Жанына жақын келіп едім, менен қорықпайды. Отырған жерінде отыра берді. Балықты алып алдында тастап едім, жеп алды. Сосын інім екеуміз қаракүзенді өзен жағасына апартып тастадық. Бірақ келесі күні қайтып келіпті.
Иттер мен мысықтардың тісінде кетпесін деген тұрғындар жануарды өзен жағасына қайта апарып тастайды.
- Екінші рет оны тіпті алысқа апарған едік. Ертістің арғы бетіне. Тордан шыққысы келмеді, - дейді Никита. - Әйтеу ақыры жібердік далаға. Енді ол қорықпай балықшылардың жанына келіп, балық сұрап жүрген көрінеді. Ешкімнің зияны тимейтін шығар деп үміттенеміз. Өзі сондай сүйкімді, күлкілі...
Ал ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев қаракүзен әлі бала болса керек деп топшылайды. Сондықтан да адамдардан қорқу дегенді білмейтін сынды. Болмаса, қулығын асырып жүр. Өйткені тамақ өзі келмейді ғой, сондықтан азық табудың қамымен жүр. Маман жақын күндері жануарлардың "көктемгі" гормондары оянады. Сол кезде ауылға келуін доғаратын шығар.
Следующая →