Өскемен
малооблачно
+11°
  • Өскемен
    +11°
  • Алматы
    +17°
  • Астана
    +8°
  • Ақтөбе
    +14°
  • Актау
    +20°
  • Орал
    +18°
  • Қарағанды
    +14°
  • Көкшетау
    +7°
  • Қостанай
    +11°
  • Қызылорда
    +23°
  • Павлодар
    +9°
  • Петропавловск
    +6°
  • Тараз
    +17°
  • Туркестан
    +10°
  • Шымкент
    +19°
$
443.37
+1.32
474.49
+0.35
¥
61.24
+0.17
4.83
+0.09
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Қар астында қалған ауыл

Биыл Шығыс Қазақстан облысын табиғаттың тосын мінезі шырғалаңға салуда. Өңірде саршұнақ аяз әлсін-әлсін әлек салғанымен, есесіне қар қалың. Бүгінде кейбір елдіме кендер қасап қардың астында жатыр

Ал бұқара алдында қолындағы қағазын оқып, есеп беруден жақтары жаңылмайтын әкім-қаралар қарға келіп малтығып жатқандай.

Мәселен, Семейдің іргесіндегі Приречный ауылында ұзын бір көше тұтастай қар құрсауында жатыр. Апта бойы азынаған ақтүтек боранмен жауған қар отыз шақты баспананы түгелдей басып қалған. Жиналған қардың биіктігі шамамен үш метрге жетеді. Ал қалың қарды күреуге келгенде ауылдық атқамінерлер дәрменсіздік танытқан екен. Тұрғындардың айтуынша, бүгін де жергілікті шенеуніктер көмек сұрағандарды қаржаттың жоқтығымен жұбатып әлек. Әйтсе де, олардың жаттанды уәжіне бұқара сенбейді. Тіпті, олардың сенгілері де келмейді. Солардың бірі ГауҺар Қашкенова. Ол ауылдың көшелерін қардан тазартуға бөлінген ақшаның қайда кеткенін түсінбей дал. Өйткені қыс басталғалы көшеге жауған қар бір-ақ рет қана күрелген екен.

- Тіпті, есік алдындағы қардың өзін күреп шығаратын жер таба алмай отырмыз. Көшеміз ол қар астында жатыр. Биыл қыс басталғалы қараша айында алғаш рет күрелді. Сонымен әкімдіктегілер ақша бітті деп ауыздарын қу шөппен сүртті. Үлкен кісі ауырып, бір жағдай болып қалса өте қиын. Тазаламайды, - дейді Приречный ауылының тұрғыны Гауһар Қашкенова.

Бүгінде қар басқан көшемен көлік тұрмақ, жаяу адам зорға жүр. Ал ауылдықтар мұны елеп-ескеретін әкім-қара таппай сең соққандай сеңделіп отыр. Олар атқамінерлер қар астынан шыққан жанайқайды тыңдағылары да келмейді деп өкпелі. Өйткені мамандар қарды күреудің орнына, керісінше қарашаға қора-қопсының үстімен артқы жақтағы тазартылған көшеге шығуды бұйырыпты.

- Әкімдікке үнемі хабарласамыз. Халық үшін бас ауыртатын ешкім жоқ. Қыл аяғы көшемізді де күреуге жарамады. Хабарлассаң көшені сұрайды да, атын естіп тұтқаны тас-тай салады. Одан кейін мүлдем хабарласа алмайсың. Ал біздің қыстық отын-суымыз бітуге жақын. Өзіміз қар омбылап әрең жүргенде оны арғы көшеден қалай тасимыз? Жол жоқ. Қора-қосының үстімен жүріңдер, - дейді тұрғындар. - Недеген масқара. Қыстың қамын жазда ойлау керек қой. Жалғыз емес. Әкім деген шеңі бар. Оған сеніп қанша халық отыр, - деді тұрғындардың бірі Тамара Шмидт.

Дегенмен, қар жауған мезеттерде ауылдың басты деген көшелері ғана тазартылып тұратындығы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Соған қарағанда, әкім мырза шеткі көшенің жұртын соңғы қатарға сырып қойғандай. Тіпті, өзі қысылмастан қыс басталғалы ол көшенің қары бір-ақ рет күрелгенін де айтып қалды. Ал сұрақ туған сәтте, шенеунік қаражаттың жоқтығын айтып ақтер-көктер болды. Сөзіне сүйенсек, жергілікті әкімдік көшелерді қардан тазалауға техника жалдайды екен. Сондықтан дер кезінде ақша төленбегендіктен көше қар астында қалған.

- Біз семейлік әкімдікке қаражат бөлу жөнінде сұраныс бергенбіз. Негізі, қар тазалау жұмыстарына ақша қаңтар айында ғана бөлінеді. Сондықтан қаржы қолымызға өткен айдың аяғында ғана түсті. Жалпы, 2020 жылға 1 млн 380 мың теңге бөлініп отыр. Ал қар тазалау жұмыстарын атқаратын мердігермен ақпан айының төрті күнінен бастап шартқа отырдық. Қазір оған осы жасалған шарт бойынша ақша төленеді. Енді, қарда қалған көшені күрейтін болады, - дейді Приречный ауылдық округ әкімі Алғатай Байдомалақов.

Сондай-ақ, мамандар күн жылымай қалың қарды дереу шығару керектігін де айтты. Ол үшін 7 млн теңге қажет екен. Егер бұл ақшаны семейлік шенеуніктер бөлмесе, көктемде баспаналар шетінен су астында қалуы мүмкін. Ал құрғақ уәдені үйіп-төгетін ауылдық биліктің сөзіне тұрғындар күмәнмен қарайды. Олар іс сиырқұйымшақтанып кете ме деп алаңдаулы. Сондықтан жұрт облыстық биліктің қолдауына зәру.

Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Семей Қар