Шемонаихада 14 жастағы бала қар астында қаза болды
Төрт бала өзен жағасында ойнап жүргенде екеуінің үстін қалың қар басып қалған
Біреуінің үстін жартылай қар басып қалғандықтан, балалар оны өздері алып шыққан. Алайда тағы бір достары қалың қар құрсауында қалады.
Оқыс жағдай 2 ақпан күні Уба өзенінің жағалауында орын алған. ШҚО ТЖД баспасөз қызметі түсіндіргендей, қыс бойы жауға қалың қар күнқағар іспетті жиналып қалған. Сосын астында ойнап жүрген балалардың үстіне құлаған.
Балалар қар асытнда қалған достарын өздері іздеп таба алмайтындықтарын ұққанда бірден көмек шақырған. Құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, іздеу жұмыстарына жедел құтқару жасағының кинологиялық қызметін, жергілікті тұрғындар мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Шемонаиха аудандық төтенше жағдайлар бойынша бөлім басшысы Құрмаш Дайыров хабарлағандай, қар қалың болғандықтан іздеу барысында жиналған қар тағы құлауы мүмкін деген қауіп болған. Сондықтан қарды жылдам әрі ұқыпты аршу керек болды. Іздеу барысында ит баланың жатқан жерін анықтады. Бірақ тым кеш еді, үш метр қар астында қалған бала көз жұмған екен.