Паром мәселесіне нүкте қойыла ма?
Естеріңізде болса, жырға айналған "Қызыл ту" өткелінің мәселесі Nur Otan партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесінің бюро отырысында сөз болған еді
Жиында облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының өкілдері Күршім өткеліндегі екі паромды үш жылға сенімді басқаруға алған "Құйған айлағы" компаниясымен жасалған келісім бұзылуы мүмкін екенін, қыркүйек айының басында тиісті ескерту хат жіберілгенін, егер компания сеніп тапсырылған мүлікті 30 қазанға дейін қайтармаса, іс сот арқылы шешілетінін жеткізген болатын.
- Кәсіпорынды жауапқа тартуға негіз боларлық пунктер келісімшартта қарастырылмаған. Бұл - өз кемшіліктерің. Дегенмен, мәселені қайта қарап көруге болады. Сондықтан арнайы комиссия жасақтайық. Келісімшартты егжей-тегжейлі қарап шығу үшін комиссия құрамында заңгерлер міндетті түрде болсын, - деген сол кезде Даниал Ахметов облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовке.
Кәсіпорын белгіленген мерзімде паромдарды коммуналды меншікке қайтармады. Одан ары іс облыстық экономикалық сотта қаралып, мәселе ұзаққа созылып кеткен еді. Енді сот шағымды қанағаттандырғаны белгілі болды.
- Басқарма келісімшартты бұзуға шағым берді. Бірінші сот инстанциясында шағым қанағаттанып, "Құйған айлағы" ЖШС-мен келісімшарт бұзылды, - деп хабарлады облыстық Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Төленді Қасымов.
Бұл ретте айта кететін жайт, шешім заңдық күшіне әлі енген жоқ, себебі қарсы тарап аппеляциялық шағым түсіріп, іс қайта қаралуы бек мүмкін. Оның үстіне "Құйған айлағы" компаниясымен келісім жасаған Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы келісімшартта мекемені жауапкершілікке тарту тетіктерін дұрыс қарастырмағаны белгілі.