Ескерткіштердің мәселесі ескерусіз қалды
Ұлтымыз тәуелсіздік алып, дербес мемлекеттің азат күндерін кешіп жатыр. Көк туымыз желбіреп, елтаңбамыз жарқырап, әнұранымыз шарықтап тұр. Халық мәңгүрттік қалыптан қазақтық әдет-ғұрыпқа бет бұрды. Өлгеніміз - тірілді, өшкеніміз - жанды
1991 жылдан бері қарай күн көсем аталардың тас мүсіні талқандалып, өзіміздің бабаларға ескерткіштер қойыла бастады. Қазір өлісінің де, тірісінің де - ескерткішіне гүл қоюға мүмкіндік мол. Бірақ... олардың сапасы сын көтермей тұр. Бұл туралы аймақ тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері де уақ-уақ айтуда. Тіпті, бұл туралы шағымды ақсақалдар облыс әкімі Даниал Ахметов пен Өскемен әкімі Жақсылық Омарға да кездесу барысында естіртті.
- Біздің өңірден шыққан Қасым Қайсенов, Оралхан Бөкей сынды жазушылар бар. Оларға арнап тұрғызылған ескерткіштер де бар. Алайда оларды ескерткіш деуге келмес. Ел-елден, жер-жерден келген қонақтар алдына көрсетуге ұят. Соны ауыстыратын уақыт жетті. Тіпті, сол үшін 5 теңгеден жиналсақ та, байқау өткізіп, қоладан әдемі ескерткіш тұрғызайық. Қасым Қайсеновтің ескерткішін ойласам, жүрегім ауырады, обал ғой, бәрінен бұрын батырдың атына обал, - деп Асқар Қабанбай ұсыныс тастады.
Сондай-ақ, сол кездесуде Қайырлы Бақтыбаев есімді қала тұрғыны, зейнеткер де Металлургтер мәдениет сарайының алдында тұрған инженер-металлург, өнертапқыш, техника ғылымының кандидаты, Халық қаһарманы Ахат Күленовтің кеуде мүсінінің жағдайына тоқталды.
- Ескерткіш маңайының бәрі сынып бітті. Ешкім қарамайды. Айналайын-ау, Күленовті білмейтін өңір тұрғыны жоқ шығар. Ескерткішті жөндеу мәселесін біреулерге тапсыру керек қой, - деді ол.
Бұл мәселені мұқият тыңдаған Даниал Ахметов мәселені қала әкімі Жақсылыққа Омарға тапсырды.