Баласымен бір жыл кездестірмейді
ШҚО бойынша ҚАЖД қатаң тәртіпті колонияға ұлымен кездесуге келген азаматша заң бұзған. Оған енді айыппұл салынуы мүмкін
- Жазасын өтеп жатқан баласымен кездесуге келген ана колония ішіне смартфон кіргізбек болған, - деп хабарлады ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі. - Жазасын өтеушілермен кездесуге келгендерге тыйым салынған заттарды кіргізуге болмайтындығы ескертілсе де, құлақ аспайтындар бар. Азаматша гаджетті полиэтилен қаптамаға орап қойған. Бірақ рентген-телевизиялық құрылғының көмегімен тексерген уақытта жазасын өтеушіге жіберілетін сәлемдеме ішінде смартфон бары анықталды.
Енді осы әрекеті үшін азаматшаға ескерту жасалады немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Ал әкімшілік жауапқа тартуға себеп болған зат тәркіленді. Одан өзге оған бір жыл бойы баласымен кездесуге тыйым салынды.