Билік аймақтағы маман тапшылығын қалай шешпек?
Шығыс Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға көңіл бөлініп келеді
Алайда тас қалаушылар сияқты тар профильдегі мамандар әлі де жеткіліксіз. Себебі колледж бітірген студенттер өндірісте заманауи технологиялармен жұмыс істеуге қауқарсыз.
Жалпы, облыста 82 колледж студенттерге білім береді, онда 112 мамандық бойынша 34 мың студент оқиды. 10 колледждің студенттерін ақпараттық технология, энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, геология, металлургия, көлік сияқты аса қажетті мамандықтарға дайындайды.
Үш колледж базасында аймақтағы ірі кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істейтін және бірегей заманауи технологиялармен жабдықталған құзыреттілік орталықтары ашылды. Облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, ақпан айынан бастап орталықтарда 13 мамандық бойынша 32 колледжде 1450 студент оқиды.
- 225,5 млн теңге сомасына 14 мемлекеттік колледждерге 32 жаңа класс жабдықталды, - дейді Сайрангүл Жұмаділова. - Орта кәсіптік білім беру ұйымдарын WorldSkills стандарттарымен жабдықтағаннан кейін жыл сайын 27 мамандық бойынша төрт мыңға жуық студентті оқыту жоспарлануда.
Алайда мұндай көрсеткіштер облыс әкімі Даниал Ахметовті аса бір таңқалдыра алмады. Себебі әкімінің айтуынша, студенттер оқуын аяқтағанмен, заманауи жабдықтармен жұмыс істей алмайды. Өйткені ондай заманауи технологиялар оқу орындарында тапшы. Енді аймақ басшысы Даниал Ахметов аталмыш мәселеге кәсіпкерлерді араластыруды ұсынып отыр.
- Аймақта тасқалаушылар, басқа да аса қажет саладағы мамандар жеткіліксіз, онымен қоса олар заманауи жабдықтармен қалай жұмыс істеуді де білмейді. Ал барлық колледж-дерде жабдықтар сатып алу мүмкін емес. Мәселен, бір ғана экскаватор сатып алу үшін шамамен 88 миллион теңге қажет, - деді аймақ басшысы. - Сіздер нақты қандай жабдықтарды сатып алу керектігін анықтаңыздар, кейін аграршылар мен кәсіпорын өкілдерін жинап, мәселе көтеріңіздер. Кәсіпорындар бірігіп, колледждерге қажет жабдықтарды сатып алсын.
Осылайша билік қажетті жабдықтарды сатып алуға мамандарды жұмысқа тартуға қызығушылығы бар кәсіпорындар көмекке келеді деп үміттенеді.