Өскемендегі көкөністер бағасы түспек емес
Соградағы жылыжай кешеніндегі қызметкерлер Жаңа жыл қарсаңында неге көкөніс бағасы қымбаттағанын айтты
Биыл жылыжайда тек қызанақтар өсірілген, ал қияр отырғызылмағанына жарты жылдай болған. Бірақ базар сөрелеріндегі қиярлардан "Согранікі" деген белгіні алып тастамаған.
- Біреу біздің атымызды жамылып жүр. Оған қолдан келер қайран жоқ. Бірақ ол қияр біздікі емес, - дейді жылыжай кешенінің бас есепшісі Жанна Жұмаділова. - Ал қызанақ бағасы көтерілді. Біріншіден, мереке алдында сұраныстың артуына байланысты. Екіншіден, аязға байланысты. Коммуналдық қызмет қымбаттаса, тауардың өз бағасы да қымбаттайды.
Оның үстіне бас есепшінің айтуынша, көкөніс бағасын жылыжай белгілемейді. Ол нарықтағы бәсекеге байланысты реттеледі.
Ал қаңтар-ақпан айларында осы баға қалады, түспейді. Айта кетейік, жергілікті қызанақтардың келісі 1000 теңге, ал Алматыдан әкелінгендер 1200 теңгеден.