Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Бақпасаң мал кетеді, байқамасаң жан кетеді

Қазіргі уақытта өрісте қараусыз қалған төрт түлік жолаушылар өміріне қатер төндіруде


29 қыркүйек Өскемен-Семей тас жолы бойында екі көлік бір уақытта екі жылқыны қағып кеткен. Жол апаты салдарынан жүргізушілердің бірі зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 12 қазан аталған жол бағытында семейлік футбол голкипері Илья Байтеряков отбасымен бірге ауыр жарақаттанған. 35 жастағы спортшының әкесімен бір ұлы оқиға орнында жазым болып, екінші ұлы әлі күнге дейін ауыр халде жатыр. Ильяның айтуынша, жол апатына қараусыз жүрген жылқы үйірі себеп болған.

8 қараша Алматы - Қорғас тас жолында BMW маркалы автокөлігі жол бойында жүрген жылқыға соғылып, нәтижесінде 70 жастағы ер адам қайтыс болған. 
9 қараша Жаңаөзен - Батыр тас жолында автокөлік түйеге соғылған. Оқиға орнына бірден үш жедел жәрдем бригадасы аттанғанымен, медициналық көмек "өнім" бермеген. 

12 қараша СҚО-ның Есіл ауданында орын алған жол-көлік оқиғасынан кейін жылқыға соғылған жеңіл автокөлікте бір адам қаза тапқан.

Бұл ақпарат - республика бойынша соңғы мәліметтер. Күнделікті жаға ұстатар жаңалықтарды тізе берсек, тізімді әлі де жалғастыруға болады. 

Егер есептеп қарасақ, елімізде әскери қызметшілердің арнайы операцияларда қаза болғанына қарағанда, қарапайым тұрғындар бейбіт өмірде көп жазым болады.
- Соңғы екі жылда облыс аумағында жылқылардың қатысуымен жеті жол-көлік оқиғасы тіркелді, - дейді облыстық Жол полициясы бастығының бірінші орынбасары Жанболат Қалетаев. - 2018 жылы үш жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бір адам мерт болып, төрт адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Облыс бойынша биыл 10 ай ішінде Ұлан, Тарбағатай, Зайсан аудандарында 4 рет мал қағу фактісі тіркелген. Жол апаты салдарынан төрт адам қаза тауып, екі адам жарақат алған. Бұл тек сотқа дейінгі тергеу тізіміне енген салдары ауыр фактілер ғана.

Кім кінәлі: малшы ма, жүргізуші ме?


Қазақ даласы қазба байлықтарға бай, бүгінде мемлекет бюджетінің басым бөлігі де осы салаға тиесілі. Десе де сарқылмайтын кіріс көзі туризм саласына ел іші-сыртынан кәсіпкерлерді тарту қарқынды жүруде. Жол құрылысы мен туристік базаларға инвесторларлды шақыру қолға алынған. Атқарылған жұмыстың негізгі мақсаты - елдің имиджін көтеру. Шынымен соңғы жылдардан бері шешілмеген түйткілдер тізімінде қараусыз жүрген үй жануарларының саны азаймай отыр. 
- Кеш батып, қас қарайғанша жылқылар жайылымға шықпас бұрын баратын жеріңе жетіп үлгерген жөн, - дейді такси жүргізушісі Нұржан. - Бір танысым осы жолмен күніне үш рет жүреді. Бұл жолда ай сайын жол апаты туындап, оқиға соңы қайғылы жағдаймен аяқталады.
 Бүгінгі күні жануарлар жайылымға қараусыз жіберіліп, жол апатына себеп болумен қатар, мал ұрланған жағдайлар да жиі кездеседі.
- Ағымдағы жылдың 10 айында облыс аумағында 119 "мал ұрылары", оның ішінде мал ұрлығымен айналысқан 6 топ ұсталған. Оның 21-і ауыр қылмыс болса, соның ішінде 100-ге жуық мал ұрлығы ашылған. Жәбірленушілердің пайдасына 28 464 695 млн теңге көлемінде шығын өндірілген. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің пікірінше мал ұрлығының бірден-бір негізгі себебі ұжымдық мал бағудың жеткіліксіз ұйымдастырылуы. Мал иелері бақташыларға ақша төлемегеннің салдарынан малдар қараусыз жайылып жүреді. Нәтижесінде қараусыз мал басы жоғалады немесе қолды болады. Мәселен, жыл басынан бастап емін-еркін жайылған мал басын қолды қылудың 169 фактісі, ал мал басының 179 жоғалу фактісі тіркелген. Оның ішінде 480-ге жуық мал басы табылып, жәбірленушілерге қайтарылды, - деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 
Өз жөнімен жол жүріп бара жатқан жолаушының өмірі елімізде қалай қорғалады? Жол жиегіндегі түрлі қоршаулар мен арнайы жол белгілері автокөлік жүргізушілеріне қаншалықты көмек жасай алады. Осындай бос жүрген қараусыз малдарды барымташылар айдап кетеді немесе жол апатының тууына себеп болады. 
- Мен 100 км/сағат жылдамдықпен жүріп келе жаттым, - дейді Илья Байтеряков. - Бастапқыда жылқы үйірін жолдың оң жақ шетінен байқадым, кейін жолдың келесі жағынан бір үйір жылқы шықты. Мен бірден тежегішті басуға оқталдым және екі үйір жылқының ортасында қалдым, автокөлік қозғалыс бағытын өзгертіп ұшып кетті. Есімді жиып оянсам, ауруханада жатқанымды білдім...

Жол мұраты жету...


Жүйткіген көліктер жолына шыққан үй жануарлары жол апатына себепкер болуы мүмкін. Ең аз дегенде автокөлік иесі жарақат алады, жеке мүлкіне зақым келеді. Ең ауыры және өкініштісі өзгенің қателігінен өмірімен қоштасады. 

Ал Илья Байтеряков малшылардың салғырттығынан жақындарынан айырылды. Енді ол жазатайым кісі өліміне кінәлі деп танылып, 5 жылмен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Құқық қорғау органының мамандары қайғылы оқиғаға жүргізушіні кінәлі деп тапқан. Оқиға орнынан автокөлікке соғылған жылқы табылмаған.

Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, жол апаты болған жерден жануар табылмаған жағдайда басқаның өміріне зиян келтіруші адам заң алдында жауап береді. Айыппұл көлемі 20 АЕК (50500) немесе 6 айға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл заң үй және жабайы жануарларға қатысты қолданылады.
Облыс бойынша жол жүру ережелерін түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Десе де жантүршігерлік оқиғалар әлі де жалғасын табуда. Тамыз айының соңғы екі аптасында 12 автокөлік аударылған деп тіркелді. Нәтижесінде 12 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алған. Семей-Озерки тасжолында "BMW X5" көлігі аударылып, нәтижесінде 4 адам өмірден өткен. 

"Таяқтың екі ұшы бар" дегендей, кей оқыс оқиғалар адамның өз салғырттығынан орын алып жатады. Соңғы уақытта, үй жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке жиі тартылып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағаны үшін айыппұл салына бастаған.

Парламент Мәжілісінің депутаттары жол жүру ережесіне қатысты бірқатар ұсыныстарды қабылдады. Заң шығарушы ұйым өкілдері мал иесі жол апаты кезінде оқиға орнында болмаса, жауапқа тартылмайтындығын айтып, Бас прокуратураға жүгінді.

Халық қалаулылары "Егер малшы малын айдап келе жатып жол апатына түссе, ол да жол апатын ұйымдастырушылардың бірі болып саналады. Ал егер малы еркін жайылып жүрсе, ол кінәлі емес" деген шешім шығарды. 

Қазақстан Республикасы бойынша жыл көлемінде ең көп жол апаты болған облыстар Құқықтық статис-тика және арнайы есеп комитетінің Facebook-тегі ресми парақшасында хабарланды. Алғашқы орында Алматы облысы - 1700, екінші орында Жамбыл обылысы - 907, ал үшінші орында Шығыс Қазақстан облысында - 764 жол апаты тіркелген. 

Малдың қатысуымен туындайтын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізу барлық аумақта қолға алынған. Жол полициясының патрульдік қызметкерлері, әсіресе, түнгі уақытта бұл мәселеге баса назар аударса, талай оқыс жағдайдың алдын алуға болады. Халықаралық, республикалық маңызы бар тас жолдар бойында немесе жақын жерде қараусыз мал жайылып жүрсе, жергілікті атқарушы билік органдарына хабар берілгені жөн. Бәлкім, ол малды иесі таппай жоғалтып алып, іздеп жүрген болуы да мүмкін. Полиция қызметкерлері барлық жүргізушілерге жылдамдықты шектен тыс асырмауға кеңес береді. Арнайы белгілер тұрған аумақтан жылдамдықты азайтып өту керектігін ескертеді. Өзіңіздің және жаныңыздағы жолаушылардың бас амандығы үшін жол бойынан төрт түлік мал мен жабайы аңдардың да күтпеген жерден шығуы мүмкін екенін ұмытпаған абзал. 

Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Мал ЖКО