Шағын жинақталған мектеп ұстаздарына көңіл бөлмек
Бұрын болашағы жоқ ауылдарға мектеп салуды облыс әкімі құп көрмейтін. Есесіне жұрт балаларының білімі, болашақ өмірінің жарқын болуы үшін ауылдан қалаға үдере көшіп, шағын жинақталған мектептердің өздері жабылып жатқан жайы бар
Бұл - әсіресе шекаралық ауылдарға тән көрініс. Бірақ ішкі миграцияны реттеудің қалыптасқан жолы болуы
керек.
"Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар" демекші, тұрақты жұмыс, қолжетімді баспана, қолайлы инфрақұрылым, әлеуметтік жағдай болса, ауыл-аймақтағы тұрғындар, әсіресе, жастар алып шаһарларға бет алмас еді. Дегенмен соңғы уақытта облыс әкімін түлен түртті ме, әлде Үкімет түртті ме, әйтеуір шекаралық ауылдардың жайын ойлай бастағандай. Шекаралық аудандар үшін арнайы бағдарламалар да әзірленіп жатыр. Енді, міне, келер жылы облыстағы шағын жинақталған мектеп ұстаздарының бағдарламасы әзірленгелі отыр.
- Шағын жинақталған мектеп ұстаздарының біліктілігін қайта арттыруымыз керек. Олардың білімі басқаларға қарағанда тереңірек болуы керек. Өйткені ондай мектепте 1 мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Сондай-ақ, олар балаға да көңіл аударуы керек. Сондықтан ғылыми институттарды тарта отырып, келер жылға "Шағын жинақталған мектеп ұстаздары" бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, - деді Даниал Ахметов.
Осылайша бұл бағдарлама облыстағы 355 ұстазды қамтымақ. Ал қысқа уақыт ішінде шағын жинақталған мектептерге интерактивті тақталарды жаппай ала бастайды. Сонымен қатар, әкім ақпараттық бағдарламалық оқыту да әлемдік стандартқа сай болуы тиістігін айтып өтті.
- Елді мекендерде мектептерді, перзентханаларды жаба бастасақ, туу көрсеткіші азайып, тұрғындар жаппай көше бастайды. "Неге? Неге олар кетеді? Олардың қалуы үшін не істей аламыз?" соны ойлауымыз қажет. Бірінші кезекте білім, екіншісі - сапалы медициналық қызмет болуы қажет. Ал ақпараттық бағдарламалық оқыту бойынша әлдемдік стандарттан қорқудың қажеті жоқ, біздің балалар оны игеріп кете алады, есесіне оқушылар мектепті бітіріп шыққанда, дайын маман ретінде өздерін көрсете алады. Осы міндетті алға қоюымыз керек, - деп қосты әкім.
Айта кетейік, қазір еліміз бойынша болуы тиіс 1200 IT-сыныптың 655-і облыста бар. Сондай-ақ, 570 IT-сынып ұстаздары қысқа мерзімдік курстан өтіп үлгерді.