Михаэлис 26/1 көшесіндегі емен ағашын кеспейтін болды
Бұл туралы Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесінің қызметкерлерінен құралған комиссия мүшелері тексеріс жүргізгеннен кейін белгілі болған
Облыс орталығындағы Михаэлис №26/1 көшесінде орналасқан үйдің тұрғындары қырық жылдан астам уақыт өсіп тұрған емен ағашын не істерлерін білмей жүр."Былай жүрсем арба сынады, былай жүрсем өгіз өледінің" кебін киген тұрғындар егер ағашты ол жерден кесіп алып тастамаса, бір күні үйдің үстіне құлап кетуі мүмкін деп қорқуда. Алып еменнің бойы бесқабатты үйден асып кеткен, терезенің түбінде тұр.
- Бұл үйді 1978 жылы салған болатын, ал екі жылдан кейін бұл жерде емен ағашы өсе бастады. Содан бері өсіп келе жатыр, - дейді Қанипа Нұрқасқызы. - Біз ПИК-не айтқан едік. Олар бұл мәселені өздерін шешіңдер деді. Еменді кесіп алып, құлап кетпес үшін кран жалдау жұмыстары бар. Төрағаның айтуынша көптеген тұрғындардың бермеген қарыздары көп, сондықтан бұл жұмыстарды жасау үшін ақша жетпейді. Ал бізге еменнің тамыры қаншалықты жайылып кеткенін білу керек. Оның өсіп тұрғанына 40 жылдай уақыт болды ғой. Ол қопарылып кетсе біздің үйімізді құлатып кетуі де мүмкін. Біз әйтеуір еменнің үйден бір метр жерде өсіп тұрғанына көз жеткіздік.
Мәселенің мән-жайын білу үшін біз "Металлург-5" ПИК-іне барған едік.
- Тұрғындар бұл емен ағашы туралы айтқан еді, бірақ жазбаша түрде өтініш бермеді. Сондықтан бұл жағдайға байланысты біз ешқандай шара қолданған жоқпыз, - дейді ПИК қызметкерлері.
Біз көптеген жауапты деген бөлімдерге қоңыраулар шалған едік. Содан кейін арнайы құрылған комиссия тексеру жұмыстарын жүргізді. Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері бұл емен ағашының тұрғындарға еш қауіп төндірмейді дегенді айтты.