Өскеменде балаларды оңалту орталығы ашылады
ШҚО Ана мен бала орталығының педиатриялық блогы Қазыбек би даңғылында орналасқан жаңа ғимаратқа көшуге дайын
Ал ескі корпуста балаларды оңалту орталығы ашылып, аралас типті клиника-диагностикалық поликлиника орналастырылады.
Бұл жаңалықты Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбеков айтты.
Оның айтуынша, Ана мен бала орталығының педиатриялық блогы көктемге дейін жаңа мекенжайға ауысып үлгереді.
- Жақын уақытта көше бастаймыз. Қазыбек би даңғылында бізге жаңа корпус салып берді. Дәрігерлер тағатсыздана күтуде, - дейді Ермек Омарбеков. - Педиатриялық блок көшеді. Ал бұл корпуста Тұңғыш Президент Қорымен бірлесіп әзірге Өскеменде жоқ балаларды оңалту жұмыстарын дамытпақпыз. Бұнда отадан кейін, жарақат алған, ДЦП диагнозы бар, кардиохирургиялық науқас балаларды оңалту жұмыстары жүргізіледі. Оңалтудың сан түрі қарастырылған. Өздеріңізге белгілі, шығысқа Оңтүстік Кореядан мамандар келген болатын. Біз олармен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Құрал-жабдықтарды алып қойдық. Тұңғыш Президент Қоры ары қарай да бізге көмектесетін болады.
Сонымен қатар, бұрынғы корпуста аралас типті клиникалық-диагностикалық поликлиника жұмыс істейді. Ересектерді қабылдайтын бөлімдер ашық. ЖМК шағын ауданының тұрғындары тұрғылықты мекенжайы бойынша қызмет ала алатындығы аңғайлы.