Жасөспірім түнде орын алған өрттен шошынып өз өміріне қауіп төндірген
Бірінші қарашаға қараған түні таңғы сағат төртте Металлург көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде өрт шығып, оттың жалыны жоғарғы қабаттағы пәтерге де жеткен
Барлық тұрғындар шырт ұйқыда жатқанда көпқабатты үйдің екінші қабатында өрт шыққан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Еш нәрсені аямайтын тілсіз жау жоғарғы қабаттағы көршілердің пәтеріне де жеткен. Өрт сөндірушілердің айтуы бойынша 21 жастағы жасөспірім өрттен шошынып, терезеден секіріп кеткен. Ажалдан аман қалғанымен бозбала басын жарақаттап алған.
Жасөспірім Абай даңғылығында орналасқан облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың реанимация бөлімшесіне ем қабылдауға жатқызылды. Өрт жалмаған үйдің көршілерін, яғни, бес жастағы қыз бала мен оның анасын да өртсөндірушілер құтқарып қалған. Сонымен қатар, мамандар қауіпті аймақтан 24 тұрғынды далаға шығарған.
Өрттің шығуына байланысты екі себеп туындап отыр: Тұрғындар отты дұрыс пайдаланбағандықтан немесе электрқұралдарын пайдаланғанда қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан.
Тілсіз жауды сөндіруге 20 өртсөндіруші келген. Бұл оқиғадан соң Өскемен қалалық ТЖБ мамандары тұрғындарға өрт кезінде мынадай ережелерді сақтауға шақырады. Өрт шыққанда ең алдымен 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу керек. Диспетчерге үйдің нақты мекенжайын, подъезді және де нешінші қабат екені жайлы толық ақпарат беру керек.
- Егер үйдің іші көк түтін болып, өрт қауіпі күшейе бастаса, киім-кешек, бағалы заттарыңызды жинап жүрмеңіз, есіңізде болсын өміріңізден қымбат ештеңе болмайды. Өртке оранған пәтерде ең қауіпсіз жер – балкон, - дейді мамандар. - Егер кіреберістегі есіктің тұтқасы ыстық болса, ол есікті ашуға болмайды. Есіктің тесіктерінен түтін кіріп жатса оның бәрін бітеуге тырысу керек. Көк түтін болса подъездге шығудың қажеті жоқ. Терезеден секіру, арқанмен, төсек орынмен, су құбырларымен түсу адам өміріне өте қауіпті.
Бірақ егер құтқарушылар келмей жатса, ал өміріңіз қыл ортасында тұрса, қандай шара қолданатыныңыз өз қолыңызда.