Облыстағы он мұражай көпшілікке көрме ұсынды
Өскеменде ежелгі дәуірдің өркениеті мен тарихынан сыр шертетін көрме ашылды. Көрмені Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы қала халқына ұсынып отыр
Тауына тарих қонып, даласынан дастан өрген қазақтың кең даласы ежелгі өркениетке бай. Әр өңір өзінің ежелгі тарихымен ерекшеленеді. Соның ішінде адамзаттың алтын бесігі атанған Алтайдың тарихи тамыры тереңде екені ақиқат. Көне қалалардың қонысы болған Ертістің бойы ежелгі мәдениеттің ошағы.
Облыс орталығындағы көпшіліктің назарына ұсынылған көрмеге аудандар мен қалалардан келген он музейдің бұйымдары қойылыпты. Музейаралық ынтымақтастық жобасына Өскемен, Семей, Риддер, Ақсуат және Шемонаиха қатарлы өңірлердің музейлері қатысқан. Көрме тақырыбы "Ежелгі артефактілерден қазіргі заманға дейін" деп аталады. Қай қырынан алып қарасаң да, әр музейдің өзіндік кәсіби бет-бейнесі, бірегей қор коллекциясы және тарихы бар екені ақиқат.
- Жобаның мақсаты - әр музейдегі жәдігерлерді жинақтап, бір көрме арқылы жұртқа таныстыру. Біз осы көрме арқылы ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы мәдениетті көпшілік қауымның назарына ұсынып отырмыз. Аудандар мен қалалардан келген құнды жәдігерлерді осы көрмеден көруге болады. Бұл жерде көрермендер артефактілермен ғана танысып қоймай, облысымыздағы әр музейдің тарихымен де таныса алады, - дейді мұражай қызметкері Жадыра Рахатова.
Тарихы терең Тарбағатай археологиялық ескерткіштерімен жұртқа әйгілі. Бұл музей қызметкерлері соңғы кезде көптеген зерттеулер жүргізуде. Осы көрмеге Шілікті қорғандарының археологиялық ескерткіштерінің, сондай-ақ қазақ зергерлік бұйымдарының коллекциясының гальваникалық көшірмелерін алып келіпті.
- Біз осы көрмеге Шілікті қорғанынан табылған жәдігерлердің көшірмесін алып келдік. Көшірме Қырым Алтынбековтің шеберханасында жасалған. Сонымен қатар, таза былғары мен күмістен жасалған ХІХ ғасырдың құнды жәдігері болып саналатын кісені көрермендер назарына ұсынып отырмыз. Тарбағатай өңірінен табылған керей ер-тоқымын, тасқа қашалған петроглифтер және әшекей бұйымдар әкелдік. Осы жобаның арқасында тәжірибе алмасып, басқа да музейлердің құнды жәдігерлерімен танысып жатырмыз, - дейді Тарбағатай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құралай Ақжасарова.
Алаштың астанасы болған Семей шаһарының тарихы бай екені елге мәлім. Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі - Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі. Бұл мұражайдың негізі 1883 жылы қаланған. Көне мұражай да осы жолғы көрмеге көптеген дүниелерін алып келіпті. Соның ішінде Б. Герасимовтың, ағайынды Белослюдовтардың, ғалым Қ. Сәтпаев және облыстың басқа да ғылым мен өнер қайраткерлерінің сыйлары бар екен. Қазақстандағы қазба байлықты зерттеп, зерделеген ғалым Сәтпаевтың ас ішкен қасығы мен шанышқысы да көрме залына қойылыпты.
Семей қаласындағы Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі осы жоба аясында өз жәдігерлерін жұрт назарына ұсынып отыр. Бұл мұражай 1971 жылы ашылған. Көрмеге Ф.М. Достоевскийдің әр түрлі жылдардағы еңбектері қойылған.
Аблайкит артефактілері де көрмеде
Шығыс Қазақстанның киелі өлкелерінің қатарына кіретін Аблайкит монастырь қамалынан табылған артефактілер жиынтығы да көрме арқылы жұрт назарына ұсынылыпты. Біраз жыл бұрын Аблайкит бекінісіне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде де көптеген жәдігерлер табылған
болатын.
- Бұл ауқымды бастаманың халыққа берері көп деп ойлаймын. Біздің Шығыс ежелгі мәдениет пен тарихи ескерткіштердің отаны. Аблайкит бекінісінен арғы ғасырлардың тарихынан деректер беретін артефктілер көптеп табылған. Археологтар облыс әкімінің бастамасымен 2016-2017 жылдары бірнеше обьектілерге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Сол кезде Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық топ Аблайкит бекінісінен көптеген жәдігерлер тапты. Сол жәдігерлердің біразын бүгінгі көрмеде ұсынып отырмыз, - дейді Будда ескерткіші Аблайкит артефактілері мен Өскемен қаласының тарихи-өлкетану музейінің тарихшы-маманы Альфия Нұрланқызы.
Сонымен қатар, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі қорындағы он репродукция суреттерін көрмеге қойыпты. Олардың қатарында К.П. Брюллов, И.Н. Крамский, Б.К. Табиев, К.М. Шаяхметов және орыс, қазақ көркем өнер мектептерінің жұмыстары қойылған. Бұл музей Қазақстандағы ең үлкен көркем қазына коллекцияларының бірі болып табылады.
Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан өнер музейі сурет көрмесін ұсыныпты. Көрмеге А. Аканаев, Т.А. Татиев, Е.Т. Түлепбаев сияқты танымал қазақстандық суретшілердің суреттері қойылған.
Риддер және Шемонаиха музейлері көне орыс мәдениеті мен салтының сарқыншақтарын көрермеге қойыпты. Көрмеде материалдық мәдениеттің, діннің және көне орыс салтының күнделікті тұрмыстағы маңызды және танымал заттары ұсынылған.
Ал 1974 жылы ашылған Зайсан тарихи-өлкетану музейі экспозицияға қола, темір және Х1Х ғасырлардағы артефактілерді әкеліпті. Жалпы бұл музей қорында 7 мыңнан астам жәдігерлер бар екен.
Үш ұрпақ мүсіні
Көпшілік назарына ұсынылған көрменің тарихи танымымен қатар, тәрбиелік мәні де тереңде. Әр дәуірдің мәдениетінің мәні мен жетістігі таңқалдырады. Барлығы да тарихтың таңбалы деректері. Таңбалы тарихтың куәсі болып қалған ағаштан ойып жасалған мөр де көрменің төріне қойылыпты. Просфорға арналған мөр ХХ ғасырдың басында жасалған. Арғы ғасырдың ақиқатын айғақтайтын тағы бір дүние - қайың қабығындағы жазбалар. ХVІІ ғасырда қайың қабығына жазылған қолжазба фрагментіндегі жазулардың құпиясы ашылмаған сыңайлы. Қайың қабығына таңбаланған құпия сөз ежелгі дәуір естелігіне айналыпты.
Көрме залының бір бұрышында тұрған "Үш ұрпақ мүсінінің" мәні терең, мазмұны бай екен. Көрмеге келген жұрт ұрпақтар сабақтастығын бейнелеген мүсіннің мәні мен мазмұнын біраз сөз етті. Атқа сүйенген қария мен шылбыр ұстаған немеренің арасындағы өмірді ат үстіндегі әке жалғап тұр. Астарлы әрі фәлсапасы биік мүсін екендігін ел түсінді.
- Бүгінгі таңда әке мен бала, ата мен немере арасындағы сабақтастық үзіліп бара жатқандығы ақиқат. Бір-бірін түсінісуден қалды. Мына мүсін сол бір бейшара халімізді бейнелепті. Ол сабақтастық отбасылық өмірдің дәнекері еді. "Дастархан басындағы әңгіме" деген ұғым бар еді. Ол ұғым да бүгінгі таңда жойылып барады. Қазір бір отбасының адамдары бірге отырып шәй ішпейді. Дастархан басында бірге отырмаған соң отбасылық әңгіме жоқ. Осының бәрі сабақтастықты үзіп жатыр. Жанұя жылылығы мен отбасы ұлылығын бейнелеген мына мүсін көпшілікке, әсіресе, саналы жастарға ой салары анық, - дейді С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 1-курс магистранты Серікжан Айланышұлы.
Бұдан өзге де тарихтың тереңіне бойлатып, ой салар құпияға толы құнды жәдігерлер көрмеге қойылыпты.
Мұражай материалдық және рухани-мәдени ескерткіштерді сақтаумен қатар, халыққа ой салар орталық болып келеді. Жұрттың рухани жаңғырып, ұлт болып ұйысуына өз үлесін қосып отыр. Мұражай бүгінгі таңда ғасырлар мәдениетінің қоймасы болумен қатар, рухани қазынаның қазандығына айналуда. Ұлттық құндылық пен мәдениеттің қарашаңырағына айналған мұражайлардың ұлтқа берері көп. Сол көп дүниенің біразын Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы ұсынған ""Ежелгі артефактілерден қазіргі заманға дейін" атты көрмеден көре аласыз. Көрме 1 желтоқсанға дейін көреремен назарына ұсынылады.