Көкпектіде Абай алаңы ашылып, Арбат салынады
Жаһандану көшінен қалмай жаңғырып, жаңаруды жоспарлап отырған аудандардың бірі - Көкпекті
Олай дейтініміз аудан басшылығы 2018 жылды абаттандыру жылы деп атап, жүйелі іс атқарған. Сол уақыт ішінде көптеген ауылдар мен аудан орталығындағы нысандарды жөндеуден өткізіп, жаңа жобаларды іске асырған. Аудан басшысы бұл бастама әлі де жалғасын табуда, болашақта да жалғаса береді деп сендірді. Келер жылы болатын Абай Құнанбайұлының тойына да өз тартуларын дайындап, жоспарлап отыр екен. Ақжолтай хабарды тілшілермен болған баспасөз брифингі барысында айтты.
- Көкпектідегі Абай көшесінің бойында ескі саябақ орналасқан. Келер жылы сол саябақты жөндеуден өткізіп, Абай ескерткішін қоюды жоспарлап отырмыз, - деді Көпекті ауданының әкімі Асхат Смайлов.
Аудан әкімі саябаққа ескерткіш қойып, субұрқақ салумен ғана шектелмей, ел, жер тарихы туралы танымдық дүниелер де қойыла ма деген журналист сұрағын ұсыныс ретінде қабылдап, есте ұстайтынын айтты. Осы орайда ұлтты рухани жаңғырту мақсатында биыл Самар ауылында Абай ескерткіші қойылғанын еске саламыз.
Аудан әкімі қаладан қалыспай аудан орталығында алдағы уақытта Арбат ашуды да жоспарлап қойыпты. Игілікке жаратар аумақтың инфрақұрымын зерттеп, зерделеп қойғанын айтты. Арбатты аудан орталығындағы Абылайхан көшесінің бойынан ашпақ. Осы көшенің бойында Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бас-
талыпты. Бағасы 788 миллион теңгені құрайтын кешен "Ауыл - ел бесігі" жобасы аясында қолға алынған. Биыл оған мемлекеттік бюджеттен 404 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, бұл нысанның қасынан бассейн салуды жобалап қойған. Енді осы көшені 500 метрге ұзартып, алдағы уақытта Арбат салуды жоспарлаған. Егер іс рет-ретімен іске асса, Абылайхан көшесі Көкпектінің көркін асыратын айбынды көшелердің біріне айналмақ.
- Биыл Абай көшесінің бойын жөндедік. Келер жылы Қабанбай көшесін жөндейміз. Былтыр Абылайхан көшесін жөндегенбіз. Алдағы уақытта осы Абылайхан көшесінің бойында Арбат салуды да жоспарлап отырмыз, - деді Асхат Смайлов.
Ауданда 190 спорттық құрылым бар. Оның ішінде 39 спорт зал, 1 ипподром, 19 хоккей қорабы, 1 спорттық модуль, 7 футболға арналған жасанды алаң бар. Бұдан бөлек тағы 3 ауылда жасанды футбол алаңдары салынып жатқандығы айтылды.
- Алдағы уақытты аудандағы киелі жерлердің картасын жасауды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы өңіріміздің тарихын түгендеп, өткенді жаңғыртпақпыз, - дейді аудан басшысы. - Келер жылы өңірімізде өтетін дәстүрлі халықаралық "Толағай сұлтаны" байқауын ауданның 90 жылдығымен ұштастырып, жоғары деңгейде өткіземіз.