Аурухананы шетелдіктер басқаруы мүмкін
Билік Семейдегі жедел медициналық аурухананы халықаралық стандартқа өткізгеннен кейін, шетелдік озық клиникалардың басқаруына беруді жоспарлап отыр
Билік биыл аймақтағы Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың бағдарламасын аяқтайды. Осы уақытқа дейін бұл мақсатта милиардтаған қаражат бөлінді, жаңа жабдықтар сатып алынып, ауруханалар жаңартылды. Дегенмен, медицинадағы қызмет көрсету мен дәрігерлердің біліктілігі көңіл көншітпейді.
- Денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағдарламасының 1-кезеңін 24 миллиард теңгемен аяқтадық. Қажетті құрал-жабдықтарды алдық. Алайда біз құрал-жабдықтарды шексіз сатып алып жатқандаймыз. Енді кейінгі кезеңдерде бұлай болмауы керек. Егер алдағы уақытта тағы 2 млрд теңге бөлсек, ол қаржы адами капиталды дамытуға бағытталуы керек, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Денсаулық сақтау басқармасына Ұлттық нейрохирургия орталығы, "Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу", "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу", Ана мен бала орталығына қатысты институттармен серіктестік орнатуды, сондай-ақ, шетелдік мамандарды аймақтағы ауруханаға шақырып, шеберлік сыныптарын көптеп өткізуді тапсырды. Себебі мамандардың біліктілігі сын көтермейді.
- Келер жылдың кезеңінде ШҚО медицинасы елдегі ең үздік, алға бастар медицинасына айналуы керек. Күрделі аппараттармен жұмыс істейміз, алайда халықаралық деңгейге жете алмай келеміз. Себебі біздегі мамандар сол 5 жылдық білімдеріне ғана сенеді. Бұлай ештеңе өнбейді. Еуропада 5 жыл тек колледжде ғана оқиды. МРТ-дағы маман Еуропада қандай жұмыстар атқарып, қандай қиындықтарды орындап отырғанын білесіздер ме? Білмейсіздер. Дәрігерлерімізді АҚШ, Ұлыбританиядағы дәрігерлердің деңгейімен салыстыруға келмейді. Бұл - елдегі ең басты мәселе. Содан кейіне бақылау жоқ, - деп өзінің осы салаға жауапты орынбасары Әсем Нүсіповаға бұл бағытта тиісті жұмыс атқармай жатқанын атап өтті.
Одан өзге Даниал Ахметов алдағы 2 жыл ішінде Семейдегі жедел медициналық ауруханасы мен Өскемендегі облыстық Ана мен бала орталығын халықаралық JSI стандарттарына көшіру керектігін айтты.
- Халықаралық стандартқа көшкеннен кейін Семей ауруханасын үздік шетелдік клинкалардың басқаруына беру керек. Ол біздің дәрігерлерге сенбегеннен емес, керісінше жақсы болмақ, үнемі барып, біліктіліктерін арттырып отырады. Дәрігер, медбикелер мен санитарлар да Еуропа аспай, Семейге баратын болады, - деген аймақ басшысы орынбасары мен Денсаулық сақтау басқармасының басшысына бұл саланы әлемдік талаптарға сай және адами капиталды дамытудың кешенді бағдарламасын 1 ай ішінде орындауда тапсырды.
Айта кетейік, "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы шеңберінде 325 орынға арналып салынған Семей медициналық жедел жәрдем ауруханасына бюджеттен 10 миллиардтан астам теңге бөлінген. Одан бөлек аурухана жабдықтарына да 3 млрд теңгеден астам қаржы құйылды. Жуықта аталмыш ауруханада елімізде алғашқы болып гибридті операция залы ашылды. Озық технологиялар мен білікті дәрігерлер мұнда жылына 3 мыңға жуық күрделі операция өткізуді жоспарлап отыр.