Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Қауіпті ауа жұтып денсаулыққа, қалыпты өмір сүріп жатқан халық...

Ақын Ақтан Нұрбаев атына ұйымдастырылған айтысқа облыс көлемінен көркем сөздің зергерлері жиналып, жұрт алдында жалынды жырларын төкті

Облыстық драма театрда болған айтыста 5 жұп ақын өнер көрсетті. Жас ақындардың ішінде сүбелі сөз айтқандары да, сұйық сөз, сүреңсіз ой айтып, айтыстың сұрқын қашырғандары да болды. Айтыс тізгінін қолға алған айтулы ақын Серік Құсанбаев сүрінгендерін жұбатып, оза шапқандарына шапалақ ұрғызып, қошеметтеп отырды.

Алғашқы болып Семейден келген Серік Қуанған мен Ерасыл Сәрсенбаев сөз сайысын бастады. Жас ақын Ерасыл Серікке серік болып, екпініне еріп айтыса алмады. Халықаралық айтыс-тарда қара үзіп жүрген Серік Қуанған інісіне ізеттілік көрсетіп, көмбеге қарай сүйреп бақты. Соңына қарайлай шапқан Серік сөз арасында мәні қашқан мәдениет саласын сынап салды.

"Алдаспандай жарқ етсе тілім кенет,

Абайсыз талай тасты тілімдеп ед(і),

Естілерім жатқанда ескерілмей,

Жүлдеге көз қызартар түгім де жоқ...", - деп бастап, биыл мерейлі мерекесі келіп жатқан ақындар мен жазушылардың ескерусіз қалып бара жатқанын айтты. Сөз зергері Мүсілім Құмарбеков, Ғалым Байбатыров, Хамит Балшабеков қатарлы тұлғалардың тойы тойланбай, қалтарыста қалғандығын қынжыла жырлады. "Біздің билік білмейді бұның бәрін, білсе де әрекеті қыңыр келед(і)" деп бір тоқтады. Айтыстың ақтаңкері Абаш ағасының да мәдени іс-шаралардың маңайынан көрінбейтінін айтып, көсіліп жырлады. "Өлген соң гүл тасымай қабіріне, тірісінде жетіңдер қадіріне" деп түйіндеді ойын.

Екінші жұп ақындары да екпіндей айтыса алмады. Ақсуаттық Дәрен Сембай Ұлан ауданының ақыны Тілек Мұратұлымен сөз сайысына түсті. Қос ақынның айтар ойы бір арнада тоғыспады.

Саханаға өскемендік Қуаныш Еркін мен семейлік Айшолпан Тілеутай шыққанда халық қошеметін аямады. Ақындар қыз бен жігіт айтысын жасап, халықты қызыққа бөледі. Тоқал туралы ойдың ұшығын шығарған Айшолпан айласын асыра пайдаланып, Қуанышты қақпанға түсірді.

"...Айтқандарың кеп тиді санама дөп,

80 жасқа келсе де тоқал алған,

Нұрғали атамыздан садаға кет...", - деп Қуанышқа сөзбен соққы беріп, елді күлкіге қарық қылды. Айшолпанның тапқырлығы таңдай қақтырғанмен, мақамы мәнді емес екендігі байқалды. Сөз этикасын ескермейтіндігін де есті көреремен ескеріп отырды.

Көркем жырларымен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген ақындар Ардабек Ақбаба мен Фархат Маратұлының айтысы осы жолы көрермен көңілінен шықпады. Жалындап та, арындап та айтқанмен халық алақан ұрып, қошемет қылмады. Алдыңғы жұптағы қыз бен жігіт айтысының қызығына батқан халықтың құмары қанып қалған-ау дедік.

Интернетте "Ақынкелді" атымен таныс Аян Қалымбек пен Хуатбек Хуанар соңғы жұп болып өнер көрсетті. Жас бөрілер айтыстың "жаңылмай айту керек" деген миссиясын мүлтіксіз орындап шықты. Ел құлағы елең етер ештеңе айтпады.

Төрешілер төрт ақынды финалға шығарды. Айшолпан Тілеутай мен Серік Қуанған айтысса деп ел үміттеніп еді, үміттің үкісін Дәурен Сембай ұстап қалыпты. Саханаға Серік Қуанған мен Қуаныш Еркінұлы көтерілді. Өкініштісі, ақындарға уақыт еркіндігі берілмеді. Бар болғаны 10-ақ минут айтысуға мүмкіндік болды. Серіктің алдыңғы айтыста айтқан базынасына Қуаныш финалда жауап қайтарғандай болды. Қуаныш көптеген көше аттарының ауысқанын тілге тиек етті.

"... Бұл қаланың мақсаты еңбек етіп,

Елбасының үмітін ақтау ғана.

Экологиямызды құрбан етіп,

Экономикамызды сақтау ғана.

Қауіпті ауа жұтып денсаулыққа,

Қалыпты өмір сүріп жатқан қала", - деп түйедей мәселені, түймедей оймен түйіндеді.

Дәурен Сембай мен Айшолпан аға-қарындас болып айтысып, ізеттіліктің ізінен аттамады.

Жұрт алдында айтысқан жалғыз қыз Айшолпан Тілеутайды ағайын алақанына салып аялап, бас бәйгені қанжығасына байлап берді. Өскемендік ақын Қуаныш Еркінұлы 1-орын, семейлік Серік Қуанған 2-орын, Ақсуаттан келген Дәурен Сембай 3-орын иеленді. Ақындарға ақшалай сыйлықтар мен марапат тапсырылды.

Тап бермеде тауып айту айтыстың табиғилығы екені анық. Дегенмен де, ақындарға дайындық керек екендігі аңғарылды. Бірінің білімі, бірінің сөз саптауы, бірінің мақамының мәнсіздігі байқалды.

Следующая →