Абайдың "қара сөзінің" қадірі кетті
Абай Құнанбайұлы есімі дүркін-дүркін еліміздің әр түкпірінен аталып, ақынның туған жеріне сапарлай баратындардың саны күрт артты
Күйбең тірліктен қол жазбай жүрген біраз азаматтар еңбек демалысында шығысқа келіп, әлем желіде "Абайдың туған жеріне табанымыз тиді" деп жазып жатты. Ал кейбірі жолдың алыстығын алға тартып, "көңіл жақын болса болды" деген пікірін айтып ағынан жарылды. Алыстан ат арылтып келген ағайын қара сөз дүлдүлінің кіндік қаны тамған өлкені көргеніне дән риза. Көңіліне көлеңке түспеген елдің әр бұрышындағы қазақ жұртына Абай мұрасы ортақ.
Абай туғанына 175 жыл толуына орай хәкім мұрасын қайта жаңғыртуға себеп болған Президент мәлімдемесі ұйқыдағы елді селт еткізгендей болды. Танымал дәстүрлі әнші Ерлан Ырысқалидың 9 жастағы қызы Ләйлім-Шырақ Президентке Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдаған болатын. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев эстафетаны қабыл алып, Абай өлеңін оқығаннан кейін бұл бастама ел іші-сыртынан жаппай қолдау тапты.
Енді сұрақ: Абайды қастерлеу ақын соңында қисапсыз қазынадай қалған бір-екі шумақ өлеңін оқумен шектеле ме? Жоқ, ақынға қатысы бар кез келген мұраның көздің қарашығындай сақталуы керек. Бірақ барлығы жақсы деп айта алмаймыз. Себебі, Өскемен қаласындағы Республика алаңындағы ақынның көзіндей қастерлі ескерткіші қирай бастаған. Бұрынғы Ленин ескерткішінің орнына ұлы Абай ескерткіші қойылғанда шығыс жұрты бөркін аспанға атып қуанып еді.
Алыстан қараған кісіге анық көрінбегенімен, жақындап келіп қарасаңыз, ескерткіш тұғырын жөндеу қажеттігін өз көзіңізбен көресіз. Ал ескерткіш жанына қаз-қатар тізілген ұлы ойшылдың қара сөзі жазылған он төрт тастақтаның екеуі кетілгенін, облыстық әкімдік ғимаратына кіріп-шығатын жандар байқамады ма екен?!
- Кетілген тастақтаның бетіне жазылған ұлы ақын есімі өшуге жақын, бейне қазіргі санамыздың әлі рухани жаңғыра алмағандығының белгісіндей, - дейді қала тұрғыны Сымбат Дидарұлы
Сондай-ақ, Абай даңғылының бойындағы бірінші үйдің қабырғасына ілінген ескерткіш тастақтаның да әбден тозығы жетіп тұр. "Рухани жаңғыру" деп жар салғанда тамағымыз қарлығады. Қос тастақтаның ортасына қойылған домбыра әбден майысқан. Қайран домбыраны қара қаңылтырдан жасатқан қу жоқшылық-ай!
- Жолдың қарсы бетінде автобекет және бірінші үйдің жанында сауда үйі мен базар орналасқан. Өскеменге келетін жолаушылар осындай халық көп жүретін көше бойындағы ескерткіш тақтаны көріп, хакім Абайға қандай құрмет көрсетіп жатқандығымызды іштей бағамдаған болар, - дейді такси жүргізушісі Серік Бәзікенұлы.
Осы екі мәселе жөнінде облыстық Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасына хабарласып мынадай жауап алдық.
- Мемлекеттік тізімде бар ескерткіштерді күтіп ұстау жұмыстарына жергілікті атқарушы органдар жауапты, - дейді облыстық Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхаметчинов. - Абай Құнанбайұлының құрметіне Шығыс Қазақстан облысы бойынша 7 ескерткіш қойылған екен: Семей, Үржар, Қарауыл ауылы, Зайсан ауданы Абай паркі, Көкпекті мен Глубокое аудандарында және Өскемен қаласында.
Осылайша басқарма әр жыл сайын аудандар мен қалалар ескерткіштерінің жай-күйіне бақылау жүргізілетін көрінеді.
- Республика алаңындағы Абай Құнанбайұлы қара сөздері жазылған тақталар шағын архитектуралық нысан (форма) болып табылғандықтан облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының құзыретіне жатпайды. Ал Абай даңғылы, 1 мекенжайы бойынша орналасқан тоғыз қабатты үйдің қабырғасында ілінген Абай Құнанбайұлының ескерткіш тақтасы жақын уақытта қалпына келтіріледі, - деді басқарма басшысы.
Абай даңғылындағы ескерткіш жөнделер деген үміттеміз. Тек орталық алаңдағы "қара сөздердің" қалыпқа келтірілетіні не келтірілмейтіні белгісіз.