Өскеменде мектеп оқушысы көпірден секірмек болды
Бүгін таңғы уақытта 11-сынып оқушысы Ертіс көпірінен секірмек болған
Хабарлама түсе салып, "ПА-Кыран-6" қызметкерлері – полиция аға сержанты Жасұлан Бекболатұлы мен полиция лейтенанты Азамат Ибраимов дереу оқиға орнына аттанған.
Сонымен қатар, оқиға орнына ТЖ мамандары да жеткен.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бойжеткен күйзеліс күйінде болған. Ешкіммен сөйлеспей, жарты сағат бойы өзіне ешкімді жақындатпай қойған.
Бірі бойжеткенді әңгімеге тартып тұрғанда, полиция қызметкерлері оған жан-жағынан жаймен жақындай түскен. Темір жақтау қолын қарып кетсе керек, бойжеткен қолын темір жақтаудан ала берген сәтте төтенше жағдайлар бойынша маман лезде әрекет етіп, қызды қағып алған.
- Полиция қызметкерлері мен ТЖ мамандарының бірлескен әрекеттерінің нәтижесінде бойжеткен аман қалды, - деп атап өтті Өскемен қалалық Полиция басқармасының басшысы Даур Ибраев.
Қазір полиция қызметкерлері оның неге мұндай қадамға барғанын анықтау үстінде. 16 жастағы бойжеткенмен психолог маман әңгіме жүргізді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Следующая →