Аягөз әкімінің бұрынғы орынбасары істі болды
Бұған дейін аппеляциялық сот ақтап шығарған шенеунікті ҚР Жоғарғы соты жазаға тартты
Тіпті, көпшіліктің есінен шығып кеткен іс кенет жалғасын тапты. Орындалмаған істің жалған актілеріне қол қойған Аягөз әкімінің бұрынғы орынбасарының бұл ісін аппеляциялық сот ақтап шығарғанымен, шенеунік бәрібір жазасын алатын болды.
- 27 тамыз күні Жоғарғы сот бұйрығымен Шығыс Қазақстан облыстық сотының аппеляциялық инстанциясының ақтау үкімі жоққа шығарылып, оның орнына шенеунікке бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол енді өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды, - деп хабарлайды ШҚО Жемқорлықпен күрес департаменті.
Бұған дейін коррупция қарсы қызмет шенеуніктің өз қызметін асыра пайдаланғанына қатысты тергеу жүргізген болатын. Ол "Аягөз қаласындағы Абай бульвары бойында футбол-баскетбол аралас алаңын орнату бойынша" іс жүзінде орындалмаған жұмыстарды орындалды деп қол қойды деген күдікке ілінген. Осылайша мемлекетке шамамен 3 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Айта кетейік, ол шығынды толық мөлшерде өтеді.
Осы орайда, Аягөз ауданы әкімінің сайындағы "Әңгімелесуге жіберілген кандидаттар тізімінде" әкімнің бұрынғы орынбасары жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі басшысына үміткер ретінде тұр. Әңгімелесу күні 2019 жылдың 23 тамызына белгіленген.