Балын - Қытайға, етін - Өзбекстанға
Үржар ауданы биыл 132 тонна етті Өзбекстанға экспорттаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин айтып берді
Әкімнің айтуынша, ауыл шаруашылығы алға жылжып, жыл сайын дамып келеді.
Үржар ауданындағы "Алғабас" шаруа қожалығы былтырғы жылы 3 мың бас мал бордақылайтын орын ашқан. Соның нәтижесінде 132 тонна етті экспортқа шығарған. Келер жылға 30 мың бас мал бордақылайтын орынның жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп, бизнес жоспарларын "ҚазАгро" ұлттық компаниясына ұсынған. Осы ұтымды бизнес жоспар жолға қойылатын болса, үржарлықтардың жұмысы жемісті болмақ.
- Сонымен қатар, ауданда 25 шағын мал бордақылау орындары жұмыс жасайды. Олардың өнімдерін де Өскемен, Семей, Алматы қалаларына саудалаудамыз, - дейді Серік Зайнулдин.
Таза, табиғи өнімді тұтынуды мақсат тұтқан аудан тұрғындарының да арманы орындалыпты. Ауданда екі бірдей сүт фермасы жұмыс істейді. Олар 18 түрлі сүт өнімдерін шығарып, тұтынушыларға саудалауда. Ауданнан асқан өнімдерін Семей, Өскемен, Аягөз сияқты өңірлерге де жөнелтеді.
Кеше ғана президент жолдауында суармалы жерді 3 млн гектарға жеткізуді тапсырған еді. Тапсырманы алдын ала орындап жатқанын аудан әкімі тәптіштеп айтты. Қазіргі таңда Үржар ауданында 21 мың гектар жер жоспарға сай болса, алдағы уақытта 14 мың гектар суармалы жерді іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, Көктерек, Қарабұта ауылдарында су бөгеттерін салуды алдағы жылдың жоспарына енгізіпті. Аудандық әкімшілік жер иелерімен, шаруашылық иелерімен, көшіп кеткен адамдармен сөйлесіп 40880 гектар пайдаланылмай жатқан егіндік жерлерді қайтарып алған. Ол аумақтарды жердің құнарлығын сақтап, жұмыс істеймін деген азаматтарға беруге әкімшілік тарапы әзір екендігін айтты.
Ауданда 130-дан астам ара шаруашылығы жұмыс істейді. Онаурызшылардың қамын ойлаған өкімет өткен жылы 21 млн теңгенің субсидиясын бөлген. Жыл көлемінде 280 тонна бал өндірсе, оның көбін көрші Қытай еліне экспорттайды.
Малшысының малы, онаурызшысының балы басқа елдерге экспортталып жатқан Үржар ауданының шаруашылығы жемісті, жері егісті екен аудан әкімінің айтуынша.