Қалалық қоқыс тастайтын орында өрт шықты
Бүкіл шаһар қоқысы үйілген орында шыққан өрт исі қала ішіне де жетті
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, Шмелев лог ауданында орналасқан қоқыс үйіндісі кеше жана бастаған. "Қазақстан" тауына көтерілгендер алдымен түтінді байқаған, артынша өрт алауы да көріне бастапты.
Өскемен қаласының төтенше жағдайлар бойынша басқармасы да өрттің кеше 18.21-де шыққанын растап отыр. 1 гектар қоқыс үйіндісі жанған. "Өскеменспецкоммунтранс" ЖШС кәсіпорнының қызметкердері тұтанған отты өз күштерімен сөндіре бастаған көрінеді.
- Өрт сөндірушілерді кеше кешке шақыртқан. Ал оған дейін өртті жұмыскерлер өз күштерімен сөндірмек болған. Ал өрт сөндірушілер көлігіне қоқыс үйінділері үстінен жүру қиынға соққан. Сол себепті де өрт сөндіру жұмыстары оңай болмады. Көлік жолына арнайы жолақ төсеп отыруға тура келді, - деп хабарлады ТЖБ.
Өрт сөндіру жұмысына 12 маман мен 4 көлік жұмылырылды. "Өскеменспецкоммунтранс" ЖШС-нан өзге өртті сөндіруге "Өскемен Тәртіп" мен "Өскемен су арнасы" мекемелерінің қызметкерлері де келген. Таңғы сағат 6.00-дер шамасында өрт ауыздықталды.