Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Кәрімова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Шемонаихадағы шаңғышылар жазда қалай жаттығады?

Шемонаиха ауданының Первомайка ауылында талай додада ел намысын қорғап, талай жүлделі орындарға ие болып жүрген жас шаңғышылар бар

Жас шаңғышылардың бірі - Иван Люфт. 21-ге енді толған бозбала Қазақстанның үмітін арқалап келеді. Ол 2017 жылы өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиада жеңімпазы. Бір жарым шақырым қашықтыққа классикалық жүріспен спринтерлік жарыста 80 елден келген үздіктерден озып шыққан болатын. Биыл да қанжығасын майлап, Красноярскіде өткен Халықаралық студенттер ойындарының күміс жүлдесін еншілеп қайтты. Қазір Ваня - студент. Бірақ жазғы демалысты туған ауылында өткізетін көрінеді. Демалыс деген аты ғана, Ваняның демалуға уақыты жоқ. Өйткені алда Германияда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өтетін әлем чемпионатының кезеңдері күтіп тұр. Ол үшін шаңғышы күніне алты сағатын жаттығуға жұмсайды екен. ҚР ұлттық құрамасының жаттықтырушылары жерлесімізден үлкен үміт күтіп, жеңісіне сеніммен қарайды. Ваня жазғы жаттығуларын өзінің алғашқы ұстазы Владимир Захарченконың қоластында жалғастыруда.

- Шаңғы спортымен айналысқаныма 13 жыл болды, - дейді Иван. - Владимир Петровичтің қоластында бастаған едім. Нағыз спортшы етіп тәрбиелеп, жеңіске деген құлшынысымды оятты. Сол үшін де алғысым шексіз. Ол Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың "Алдағы адамның шаңын жұтпау үшін екінші емес, бірінші болу керек" деген сөзін үнемі қайталап отырады. Бұл намысыңды қайрай түсетін тіркес менің де ұраныма айналған. Тек ерінбей еткен еңбектің арқасында ғана жеңіске жетуге болады.

Иван айтқан Владимир Петровичтің өзі биыл жетпісті алқымдаса да әлі тың, сергек. Өз ісіне адал жан облыстың жоғары спорттық шеберлік мектебіне жас шаңғышыларды дайындап береді.

Иван 10-сыныптан кейін Риддердегі Спортта ерекше қабілетті балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында білім алды. Бұл оқу орнына кезінде Владимир Петровичтің тәрбиесін көрген талай спортшы жолдама алған. Илона Ружникова, Сергей Чепкасов, Ильяс Есімханов, Яна Пак пен Иван Романов сынды шаңғышылардың есімі бүгінде республикалық және халықаралық деңгейге жеткен. Қазір жоғары спорттық шеберлік мектебінде әр түрлі жастағы 30 бала жаттығады.

Ал Шемонаиха ауданына жасаған іссапар барысында біз осындай ел намысын қорғар қыз-жігіттердің қалай жаттығатынын өз көзімізбен көріп қайттық. Ғимараттың сиқы көңіл жабырқатады. Балалар бір үлкен зал ішінде киімдерін де ауыстырады, осы жерде жаттығады да.

Жергілікті демеушілер қаржы құйып, қазіргі жаттығу алаңының жұмыс істеуіне жағдай жасап жатқаны байқалады. Бірақ ол жеткіліксіз. Мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Өз ісі үшін күйіп-пісетін Владимир Петрович қазір қолда барды сақтап қалуға тырысып-бағуда. Бапкер айтқандай, 15 жыл бұрын Ленин атындағы мектепті бір кәсіпкер аукционда 10 мың теңгеге сатып алған. Сөйтіп білім ордасын қиратып, құрылыс материалдарын алып кеткен. Ал Владимир Захарченко мектепті сатып алған азаматпен келісіп, мектеп жанынан салынған спорт залды 15 мың теңгеге өзі сатып алып, бұздырмай қойған.

- Енді бұл нысанның іші-сырты әбден тозып тұр. Жөндесе, бірнеше спорт секциясын ашып қоюға болады ғой, - дейді бапкер. - Біздің балалар бокс залы, мерекеде жиналып би кешін өткізетін холл болса деп армандайды. Су мен кәріз жүйесін тарту қажет. Қазір, әйтеу, жарық тартып бергендеріне де ризамыз. Пеш қойғалы қыста тоңбайтын болдық. Спорт зал шатырынан су ағып тұратын, ол да жөнделді. Бұның барлығы спорттың маңызын түсінген ауылдастардың арқасында. Ауылдың қалталы азаматтары қажетті құралдармен жабдықтап, қаржылай көмек көрсетіп отырады. Олардың ішінде Сергей Глушковты ерекше атап өткім келеді.

Шынымен де, спортшылар аядай ғана залда жаттығуға мәжбүр. Ғимаратқа жалғана салынған нысан қаңырап бос жатыр. Жаттықтырушы мен балалардың ендігі арманы - осы орын жөнделіп, спорт зал кеңейтілсе.

Сергей Алексеевичтің шынымен шаңғы спортының дамуына шексіз қолдау көрсетіп отырғанын көрдік.

- Аймақ кең жазық болғандықтан қыстыгүні қай жерде жаттығамыз десек те кедергі жоқ. Нағыз спортшы қыс бойы көрсеткен үздік нәтижені, жазда шыңдамаса, жоғалтып алады. Сол үшін жазда да жаттығатын жолақ қажет еді. Сергей Алексеевич спорт зал айналасындағы шөпті тазартып, техникасын алып келіп, роллерге арналған екі жолаққа асфальт төсетіп берді. Онымен қоймай, 20 жиынтық роллер сыйлады, - деп ризашылығын білдірді Владимир Захарченко.

Демеушілер көмегін аямайды, әрине. Бірақ тек облыс емес, ел атағын асқақтатар болашақ спортшыларға барлық жағдайды жасап берер мемлекеттің қолдауы қажет-ақ. Жас спортшылардың жаттығу жұмыстарын облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де көріп, тәнті болып кеткен көрінеді. Балалар енді өңір басшысынан бір көмек болар деген үмітпен жүр.

Следующая →