Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Қара өлеңнің ҒАЛЫМЫ

Жетім қыздың да тойын өткізетін қазақ үшін Ғалымның жетпіс жылдығын өткізбеу поэзия алдындағы өтелмеген парыз болмақ

Әдебиет аспанындағы Шығыс поэзиясының жұлдызы кешегі Күлтегіннің күлік жырынан бері жарқырап келеді. Қай қырынан алып қарасаңыз да, шығыстың әдеби картасының қазақ сөз өнеріндегі орны бөлек екендігі ақиқат. Соның ішінде Алтайдың Зайсан жақ сілемінде сұлу жырдың сүлейлері көп туған. Солардың бірі Қоңыраулыкөлдің жағасында қолына қалам алып, Өскеменде өлең отын маздатқан ақын, журналист - Ғалым Байбатыров.

Осыдан жеті жыл бұрын бұл жалғанды тәрк етпегенде, биыл жетпіс жылдығын тойлап жатар еді. О дүниенің табалдырығын ақынның өзі аттағанымен, өлеңі бұ дүниенің төрінде қалды емес пе?! Туған жұрты неге жетпіс жасын тойламайды деген түйткілді ой түйсікті тырмалайды. Туған жұрты деп алақандай ауылын ғана емес, Алтайдың атырабын алып жатқан Шығыс Қазақстанды айтып отырмыз. Ақын бір өлеңінде "Ай өтті, апта өтті тізбектеліп, барады жарқын жазды күз бөктеріп" деп жырлапты. Уақыттың қанжығасында жаз байланып, иегінің астында күз жатыр. Жылдың басында тойлана ма деген жетпіс жылдық әлі жым-жылас. Жетім қыздың да тойын өткізетін қазақ үшін Ғалымның жетпіс жылдығын өткізбеу поэзия алдындағы өтелмеген парыз болмақ. Осы орайда біз Ғалымның шығармашылық ғұмырнамасын бір шолып шығуды жөн көрдік. Бәлкім сонда Алтай жұрты ақынын есіне алып, "Тасқаланың" жүрегі бүлк етер.

"Сәуір самалы"

Ақынның "Сәуір самалы" атты алғашқы жыр жинағын қолға алғанымда бірінші беттегі қолтаңба көзіме оттай басылды. "Сері ағамыз Серікке! Жолыңды қуған жаман ініңнің алғашқы кітабын көзіңдей көріп жүр. Ғалым. 11.04.1983" деп жазыпты. Осы бір қолтаңбадағы інілік ілтипат уақыт жібін үзбей жалғап тұрғандай сезілді маған. Қилы тағдыры мен ғұмырнамасын әжіміне жасырған, Ғалым ақын мен сексенге таяғанда да серілігін тастамаған Серік ағамның бейнесі көз алдыма бір кеп қайтты.

Сәуір самалының келесі бетін ашсаңыз, жыр лебі жүрегіңізді тербеп, ақынның жастық шағына жетелейді.

"Жиырма бестің жүйткітіп пырағымен,

Сөз қозғайын салмақтап тым әріден.

Келші, жырым, бағыма қоншы, жырым,

Жарым сынды жанымның сыңары ма ең", - деп толғайды ақын. Өлеңді өмірлік серігіне айналдырған ақын, жалынды жастық дәуренін жыр құсының қанатына қондырыпты. Ары қарай, "кездер-ай бал бақытқа көзім күлген, әр түнде нұрлы үмітпен көз ілдірген" деп жалғайды. Осы бір жыр жолдарынан кейінгі өлеңдерін оқып отырып ақынның үмітінің желге ұшпағанына көз жеткіздік. Жыр сұлуын лириканың иіріміне шомылдырып, сезімнің шыңына шығарыпты. Сол бір баянды шағының сезімге толы жыр шумақтары Сібір әуендеріне ұласыпты. "Айхай, Сібір, тұнып жатқан шежіре, кеуде тостым жан сергітер лебіңе" деп бір тоқтапты. Осылай деп жырлаған Ғалым ақынның шежірелі ғұмыры өлең ошағында маздап, отты жырға айналды. Ғалым жырлаған қалың орманды, шежірелі Сібірдің де бір пұшпағы бүгінгі таңда маздаған отқа орануда. Сібір өртінің сөнері анық, ал ақынның отты жыры мәңгі лауламақ.

"Арман дүние"

Сезім самалымен кең тыныстап, кеудесін кере демалған ақының арман құсы қолына қоныпты. Келесі кітабының аты "Арман дүние". Көбелек қуған көктемін артқа тастап, жайдарлы жазына арман тұлпарымен аттанған ақынның талабы талғампаздықпен ұштасыпты. "Арман дүние" кітабына ақжол тілеген Әлібек Қаңтарбаев ағамыз былай депті: "Ғалым - өлеңді талғап, таңдап, кірпияз жазатын ақын. Оның өлеңдерінің түп мазмұнын, тәттісін талмау үшін атүсті, жол-жөнекей оқу аздық етеді. Арнайы уақыт тауып асқыпай, сіңіріп оқу қажет". Иә, сіңіріп оқыған болсақ, жыр сүлейінің мерейтойын тасада қалтырмас едік қой! Ары қарай ақын арманының астарын ойлы жырлармен әдіптейді. Тарам-тарам тағдырдың ой-қырын жыр тұлпарымен шарлап шаршағанда ақын "Су күттім қарлығаштың қанатынан, өртіме жүрегімде жанып жатқан" деп жырлайды. Ақын өкініші мен өкісігін өлең отымен өртеп, шөлін өлең сөлімен басатындай. Қасақана қолдан жасалып, қазақ даласының жүрегіне жара салған "Семей-Невада" қозғалысының күйзелісі Ұлықбек Есдәулеттің "Заман-ай" өлеңі арқылы өрілген еді. Ал Зайсандағы зілзаланың мұңы мен зары Ғалымның жырына арқау болыпты.

"Ойран етіп тіршілкті,

Зайсанда жер сілкініпті.

Зілзаланың кіндік тұсы,

Айғыз-айғыз жыртылыпты...", - деп жүрек жарасын жырмен жамаған ақынын Зайсан жұрты ұмытпаған шығар деген үміттеміз. Осылай ақын туған даласының географиясы мен биографиясын, тарихы мен тағдырын сөз кестесі арқылы жыр дәптеріне кес-телеп кеткен. "Көк байрақты қағанат" өлеңімен басталған бұл кітап сарғайған дәптерге дейінгі сара жолды жырлапты. "Арман дүние" кітабын оқып отырып ойландық, толғандық. Ақын қара өлең арқылы қара басының қамын емес, халқының мұң-мұқтажын жырлапты.

"Ал әзірше әрнеге бір сұғынып,

Жортақтаймыз табанымыз тілініп,

Күнтізбенің парағындай ең соңғы,

Қаларыңды білсең дағы жұлынып...", -
деп баянсыз ғұмырды толғайды. Ақынның адами ғұмыры күнтізбеден жұлынса да, әдеби ғұмыры күн тәртібінен түспеуі керек. Өйткені өлең өміршең. Поэзияының пәрмені басым, құдіреті күшті. "Жеті ғасыр жырлайдыны" жаттап өскен жұрттың ұрпағы Ғалымдай ақынның жетпіс жылдық мерейтойын ұмытпауы тиіс. Ақынын ұлықтаған елдің ұлттық құндылығының қоржыны қомақты болмақ.

"О дүниенің табалдырығы"

Ақынның келесі кітабының аты "О дүниенің табалдырығы". Мен осы кітаптың затынан емес, атынан қорқамын. Бәлкім сөз материалданады деген ұғым санамда тұрғандықтан шығар. Кітапты ашып қалсам, арғы дүниенің табалдырығын аттап кетердей-ақ болам. Сәуір самалымен тыныстап, арман дүниенің жетегінде жүрген ақын о дүниенің табалдырығына өзі де ерте барарын сезді ме екен?! Ығайы мен Сығайы көп ығыры шыққан бұл қоғамның қасіретті дүрбелеңін ақын драмаға айналдырыпты. Өлеңді бір сәт тоқтата тұрып, "Өңім бе, ойбай, түсім бе", "Албасты" операциясы", "Отан үшін" сынды пьесалар жазыпты. Әзіл мен қалжыңды, ыза мен кекті, күлкі мен келекені өлеңге қосып, поэзияның мөлдірлігін бұлғағысы келмеген шығар. Ақын өзі де бұл бөлімді "Өмірдің сахнадағы суреттері" деп беріпті. Ақын өлеңнің сахнада емес, сахарада өмір сүруін қалаған болуы керек. Сондықтан да пенделік ғұмырды пьесаға тоғытыпты.

Алдияр оқырман, жырмен шөлімді қандырамын десеңіз, Ғалым ақынның өлеңін оқып, ғаламатына бойлаңыз. Ақынның поэзиялық ғұмырнамасын бір мақаланың мәйегіне сыйғызу мүмкін емес. Біз сырттай сыздықтатып қана айттық. Бәріміз үшін де о дүниенің табалдырығы табанымыздың астында екені ақиқат. Жұрт болып ақынның жетпіс жылдығын тойлап, өлең ошағын бір көсесек, көсегеміз көгеріп, көңіліміз жайланар.

Следующая →