ШҚО-ның отбасыларына заңсыз атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған
ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері әлеуметтік көмекті бөлудегі кемшіліктерді анықтады
Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындау мәселелері Семей қаласында, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Зайсан, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандарында орын алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
- Мысалы, еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартқан отбасыларға атаулы көмек тағайындалды, - дейді ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев. - Немесе электронды макеті бар қағаз форматтағы өтініштер сәйкес келмеген жағдайда көмек көрсетілген. Риддерде АӘК басқа мемлекеттің азаматына 200 мың теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Жалпы бюджетке 1 млн 300 мың теңге қайтарылды. Ерболат Ошақбаевтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі негізінен техникалық себептер бойынша туындаған.
- Алдымен атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткерлердің көп ағымының салдарынан жүйе іркіліспен жұмыс істеді, - дейді ол. - Мәліметтер жеткіліксіз жиналған немесе көмек алушының ЖСН дұрыс көрсетілмеген кезде техникалық сипаттағы, сондай-ақ адами факторлы да проблемалар болды,
Учаскелік комиссияларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатын отбасылардың материалдық жағдайын тексеру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырылды.