Өскемен әкімдігі жеңілдікті алып тастаған тасымалдаушылармен келісімшарт бұзбақ
Әкімдіктің хабарлауынша, тасымалдаушылар заң нормаларына қарсы әрекет жасап отыр
Қалада жолаушы тасымалымен айналысатын маршрут иелері зейнеткерлер мен оқушыларға берілген жеңілдіктерді алып тастап, жолақысын 90 теңгеге теңестірген болатын. Бұл қала тұрғындарының біраз наразылығын тудырды, деп хабарлайды Устинка LIVE.
- Автобусқа отырған балалардың өзіне кондукторлардың дауыс көтерген кездері болды, - деп жазады тұрғындар әлеуметтік желіде.
Ал Өскемен қалалық әкімдігі тасымалдаушылардың 7-15 жас аралығындағы балалардың жолақысын көтеруі заңға қайшы деп отыр.
- ҚР "Көлік туралы" Заңында 7-15 жастағы балаларға жолақы 50% жеңілдікпен берілуі тиіс деп көрсетілген. Ал бұл жеңілдікті алып тастаған тасымалдаушылардың әрекеті заңбұзушылық болып табылады әрі келісімшартты бұзуға басты себеп бола алады, - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ал жеңілдікті алып тастаған "Vosca" мен "АТЦ BEST" компанияларына келісімшартты бұзу жөнінде хабарлама жіберілді. Ол 30 күннің ішінде қаралады.