Баланы бірінші сыныпқа беру үшін қандай құжаттар керек?
Кей ата-аналар баланы бірінші сыныпқа алу үшін мектеп әкімшілігінің мекенжай анықтамасын сұрап жатқанын айтып шағымдануда
- Қызымды бірінші сыныпқа берейін деген едім. Бірақ мектеп мекенжай анықтамасы жоқ деп қабылдамай қойды. Ал заңнамада мұндай құжат әкелу керек деп еш жерде көрсетілмеген, - дейді редакцияға хабарласқан аналардың бірі.
Білім беру мекемелеріне қандай құжат қажет екенін білу үшін Өскемен қалалық білім бөліміне хабарласқан едік, ал бөлім басшысы Жанат Айтпаева бес құжаттың ғана міндетті екендігін айтты. Олар: ата-ананың өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 026/у-3 және 063/у формалы денсаулық анықтамасы мен екі дана 3*4 фотосурет.
- Білім беру мекемелері баланы білімі мен дайындық деңгейіне қарамай қабылдауы тиіс. Тек жасын ғана ескеруі керек, - дейді Жанат Айтпаева.
Ал құжаттарды 1 маусым мен 30 тамыз аралығында тапсыруға болады.