Былтыр Өскеменде желсіз күндер көбейген
Былтыр 63 күн желсіз болған
"Қазгидромет" мекемесінің хабарлауынша, қаланың ауа сапасы нашарлап барады. Бұған желсіз күндердің көбеюі себеп болып отыр.
Десе де, ауаға төгілген, таралған зиянды қалдықтардың көлемі біршама кеміген. Мәселен, зиянды қалдықтың көлемі 2011 жылдан 2017 жылға дейін 147 мың тоннадан 129 мың тоннаға дейін азайған.
- 2018 жылы табиғатты қорғау шараларына мемлекет қазынасынан 5,1 млрд теңге бөлінді. Атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған бірнеше шара ұйымдастырылды, - дейді ШҚО Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Мұрат Құсайынов.
Бөлінген қаржының көп бөлігі өндірістік экологиялық мониторингтің аймақтық автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің жұмысын реттеуге жұмсалған. Ақпараттық жүйенің аппараттары алты химиялық элементтің құрамын, концентрациясын анықтап отырады. Ал оның көрсеткіштері онлайн режімде жарияланады, оны кез келген тұрғын көре алады.