Семей тұрғындары орға түсіп кеткен жылқыны құтқарып алды
Көшеде жүрген жылқы ашық жатқан құдықтың ішіне түсіп кеткен
Ал құдықтың астында суық судың құбыры болған, ол жарылып кетіп, құдықтың ішіне су тола бастаған
Степной көшесінің тұрғыны құдықта жатқан жылқыны сағат 11.00 шамасында байқаған. "112" қызметіне хабарласып, құтқарушыларды шақырған. Құтқаруға 2-ші бөлімнің құтқарушылары келіп, арнайы техникамен жылқыны көтеріп алып шыққан.
- Жарылған құбырдың суы жылқыны көтеріп шығаруда біршама кедергі келтірді. Ал жануардың өзі "сабырлы" екен, өзін құтқарып жатқанын "сезгендей" тыпыр еткен жоқ, - дейді семейлік құтқарушылар.
Жануарға ешқандай зардап келген жоқ.