Өскемендегі 50 пәтердің тұрғындары жарықсыз отыр
18 маусым күні Өтепов көшесі, 31/4 мекенжайындағы он қабатты үйдің екі кіре беріс бөлігіндегі тоқ желілер өрт салдарынан түгел жанып кеткен
Естеріңізге сала кетейік, 18 маусым күні 21.45-те төртінші кіре беріс есіктің үшінші және сегізінші қабаттар аралығындағы электр желілері, есептеуіш ұүрылғы қысқа тұйықталудан қорғау автоматтары өртеніп кеткен.
Өрт сөндірушілер 26 адамды сыртқа шығарды. Олардың сегізі – балалар. Өрт сөндіріліп, барлығы құтқарылғанымен, тұрғындар өрт зардабын әлі шегіп отыр.
- Көмектесулеріңізді сұраймыз, - деп тілшілерге жүгінді үй тұрғыны Евгения Троеглазова. - Пәтерімізде 10 күн бойы жарық жоқ. Жеделсаты да істемейді. Бұл күнде жарықсыз өмір сүру мүмкін емес қой. Тамақ істей алмай, кір жуа алмай отырмыз...
Евгения Юрьевнаның айтуынша, жергілікті пәтер иелері кооперативі желілерді жөндеу үшін ештеңе істеп жатқан жоқ.
- Білікті мамандар жоқтығын алға тартады, - дейді тұрғын. - 25 маусым күні Өскемен қаласы әкімінің қабылдауында болдық. Ол бізге көмектесуге уәде етті. Қалалық ТҮКШ мамандарына тапсырма берді. Бірақ одан бері үш күн өтті, еш қозғалыссыз.
Өкінішке орай, біз де Өскемен қалалық әкімдігінен де, ШҚО АЭК-ден де осы сұраққа қатысты ешқандай жауап ала алмадық.