Экологтар трамвай өткелдерін жөндеуді сұрайды
Экологиялық қауіпсіздік орталығының қызметкерлері мен ШҚО Қоғамдық кеңесінің экология жөніндегі жұмыс тобының мүшелері жолды зерттеп, 16 заң бұзушылықты тапты
Экология жөніндегі сарапшылар тобының отырысында мамандар трамвай өткелдерінің нашар жағдайын талқылады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі. Тексеру нәтижесі бойынша 43-нің 10-ы ғана қанағаттанарлық жағдайда, үшеуі апатты, қалған 30-ы жөндеуді қажет ететіндігі анықталды.
‒ Плиткамен жабылған өткелдер нашар күйде. Асфальттың күйі оған қарағанда сәл жақсы. 90 % шпал шіріген, рельс жолы қорқынышты көрінеді. Трамвай өткелдерінің мұндай жағдайы күрделі аварияларға әкелуі мүмкін, ‒ дейді экология жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Юрий Кудинов.
ЭҚО мамандары мәселені апаттылық тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ экологиялық аспектіде де қарау қажеттігін атап өтті.
‒ Тексеру негізінде біз Өскемен әкімдігіне 16 заң бұзушылық туралы ұйғарым бердік, алайда трамвай өткелдерін ұстауға қаражат бюджетте қарастырылмаған. Яғни ұйғарым бар, бірақ оны орындамады, ‒ дейді экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков.
Өскемен қаласының көлік компаниясы директорының міндетін атқарушы Михаил Чайка бұл мәселе биылғы жылдың өзінде шешіледі деп сендірді.
‒ Шәкәрім даңғылы бойынша (Ворошилов) күрделі жөндеу жұмыстары аясында Абай даңғылынан Добролюбов көшесіне дейінгі барлық жолдар толық жөндеуден өткізіледі. Келесі жылы Мызы мен Қазақстан көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары аясында саябаққа шығатын барлық жолдар мен өткелдер жөнделетін болады, ‒ деп хабарлады ол.
Ал Назарбаев және Абай даңғылдарындағы өткелдерді күрделі жөндеу мәселесі әлі де жауапсыз қалуда. Осы мәселе жайында Өскемен қалалық полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы Сергей Коваленко жолдың апаттық учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде жүргізуге болады деп санайды.
‒ Көлік ағыны қатты көше қиылысында орналасқан өткелдерді алайық. Барлығы 32. Оның 16-сы бойынша қоғамдық көлік қозғалысы жүзеге асырылуда. Өткен жылы екі-үш апта ішінде сегіз өткел жөнделді. Тек плитка алынып, асфальт төселді. 24 қалды. Оларды бір ай ішінде қалыпқа келтіруге болады. Бұл ретте күрделі жөндеуге қарағанда аз қаражат жұмсалады. Оларды екі-үш жыл бойы пайдалануға болады, ал қалғандарын асықпай бастан аяқ күрделі жөндеуден өткізуге болады, ‒ дейді ол.
Қазір экологтар қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне апаттық және аса қауырт трамвай өткелдерін жөндеуге тез арада қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды өтініп хат дайындауда. Бұл Мызы ‒ Қазақстан көшелері, Гоголь көшесі‒Шәкәрім даңғылы, Добролюбов көшесі‒Шәкәрім даңғылы, Қазақстан‒Қабанбай батыр көшесі мен Абай‒Шәкәрім даңғылдарының қиылысындағы жол учаскелері.