Өскемендегі кәсіпкердің жөндеп жатқан ғимараты тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіруде
Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатына дүкен салмақ болған кәсіпкердің салақтығы тұрғындардың ашуын туғызып отыр
Аталмыш мәселені айтып редакциямызға бірнеше адам хабарасты.
- Ең басында кәсіпкер шаштараз ашамын деп айтты. Біз қарсы болғамыз жоқ. Кейін дүкен ашамын деп шықты. Оған да қарсылық танытпадық. Бірақ ғимаратты жөндеймін деп айналаның барлығын қоршап бітеп тастады. Соған наразымыз, - дейді Крылов көшесінің №71 үйінің тұрғыны Василий.
Тұрғындардың наразы болатындай жағдайы да түсінікті. Өйткені екі үйдің ортасындағы жолды топырақпен, үйіндімен жауып тастаған кәсіпкердің ісі көпке кедергі келтіріп отыр. Жүргізушілер аула кіре алмай, айналып жүруге мәжбүр.
- Жергілікті тұрғындарға кедергі келтірмеуі үшін коммерциялық нысанның иесіне шешімін өзгертуге тура келді. Кірер есік үлкен болмайтын болды, - дейді Өскемен қалалық әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Тұрсымбетов.
Қазіргі уақытта тұрғызылған құрылыстың бір бөлігі күреліп тасталды. Бірақ суретте көрініп тұрғандай, бұл жолда шашылып жатқан топырақ пен үйінділер әлі де шашылып жатыр.