Потанин көшесі жөнделгеннен бері онымен жүру қиындап кетті
Жолдың кеңейіп, үстіне асфальт төселгеніне қарамастан, жүргізушілер де, тұрғындар да бұған көңілі толмай отыр
Потанин көшесінің әу баста жөнделе бастағанда-ақ тұрғындарға бұл ұнай қоймаған еді. Әсіресе, жолдың ортасындағы көгалды күреп тастағанына наразылық көп танытты. Оның үстіне, бұл көгалдың астында жатқан кәріз бен коммуникациялық желілердің барлығы көміліп қалды.
Ал қазір Потанин көшесінің өзі кедергілермен жүріп ететін жолға ұқсап қалды. Құдық тұрған жердің үстіне қазықтар қағылып, қызыл ленталармен оралып, көліктің жүруіне кәдімгідей кедергі келтіріп тұр. Ал кеңейтілген жолдың жолақтары тағы жоқ. Жауын жауған соң, жаңбырдың суы ағар арық таба алмай, асфальттың үсті шалшыққа айналдырады. Ал бұрын бұл көшені су алмайтын.
- Жолдың жолақтарын бөліп тұратын белгілер жоқ болғандықтан, тәжірибиелі жүргізушілердің өзі байқамаса, соғылып қалуы мүмкін, - дейді тұрғындар.
Ал Өскемен қалалық әкімдігі бұл көшенің жөндеу жұмыстары әлі аяқталмағанын айтып отыр. Әлі құдықтың қақпақтары реттеліп, жолақ белгілерінің салынатынын айтады.
- Суағар кәріздің іші бітеліп қалған екен, мамандар оны тазалайтын болады, - дейді қалалық әкімдік.