Шемонаихада адам өліміне күдікті азамат тұтқындалды
Шемонаиха ауданының тұрғыны Игілік Уалихановты жақындары 22 мамырдан бері іздеп келген. Бірақ іздеу жарияланған азамат тірі болмай шықты
ШҚО ПД хабарлағандай, алдымен тәртіп сақшылары марқұм жоғалған күні мініп кеткен көлікті Шемонаихадағы аулалардың бірінен тапқан.
Жас жігітті іздеу жұмыстарына облыс полициясының барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Алайда әлеуметтік желіде іздеу жарияланғаны туралы ақпарат кеңінен тарағанына қарамастан, тұрғындар арасында жігітті көргендер табылмаған.
Көп ұзамай полицейлер РФ шекарасына қарай тас жолдың 2-3 шақырымынан жартылай өртеніп кеткен белгісіз азаматтың денесін тапқан. Анықталғандай, бұл сол жоғалған Игілік Уалихановтың денесі екен. Сараптама нәтижесі азаматтың үшкір-өткір заттан болған жарақаттан көз жұмғанын көрсетті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі мәлімдегендей, Шемонаиха аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері адам өліміне қатысты күдікке ілінегн 26 жастағы ер адамды тұтқындады.
- Күдікті қамауда. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, барлық сараптама жұмыстары тағайындалды, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, Игілік Уалиханов 22 мамыр күні із-түссіз жоғалып кеткен. Ұлы хабар ала алмаған ана екі күннен кейін тәртіп сақшыларына хабарлаған.