Өскемен
малооблачно
+14°
  • Өскемен
    +14°
  • Алматы
    +19°
  • Астана
    +12°
  • Ақтөбе
    +14°
  • Актау
    +18°
  • Орал
    +17°
  • Қарағанды
    +14°
  • Көкшетау
    +10°
  • Қостанай
    +11°
  • Қызылорда
    +28°
  • Павлодар
    +8°
  • Петропавловск
    +10°
  • Тараз
    +19°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +20°
$
444.14
+0.77
477.05
+2.56
¥
61.34
+0.10
4.85
+0.02
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Қайролданова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Күршімнің өз консервісі, өз сүт зауыты бар

Осы біз не өндіреміз? "Дым" дерсіз. "Түк" дерсіз. Мүмкін "жүн жоқ, құм жоқ" дерсіз. Бірақ "жоқ" десек жоғала бермейміз бе? Ал бар десек, не бар?..

Күршім - өздерін "аспан асты еліміз" деп асқақтап тұратын Қытаймен шекаралас жатқан елді мекен. Тас лақтырсаң, Қытайдың жеріне түсетіндей қашықтықта отырған ел іргесінің берік болуы ұлт, мемлекет үшін де аса қажет. Десек те осыдан 15 жыл бұрын Марқакөл Күршімге қосылғанда екі ауданның халқы 54 мың болса, қазір содан қалғаны - 23 мың. Шекараның мықты болуы ондағы әскердің ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың санына да байланысты екені түсінікті. Ал халық санының тұрақтылығына бірнеше фактор әсер етсе, оның бірі - тұрғындардың елді мекендерде өз ауылшаруашылығы саласындағы кәсіптерін ілгерілеткені. Кәсіптің кілті табылса, осы өңірдің ішкі өсімін, өнімін арттырып, жұмыс күшін тартуға да сеп болары анық.

Күршім ауданының экономикалық айналымдары басқа өңірлерге қарағанда аз. Ауданда өндіріс орындары жоқтың қасы. Кіші және орта бизнес субъектілері де аз орналасқан. Халқы негізінен мал және балық, суармалы егін шаруашылығымен айналысады. Яғни, шикізат секторы жеткілікті деңгейде, бірақ өңдеу, нарыққа шығару жұмыстары жоқ. Ал қазіргі таңда мемлекеттің агроөнеркәсіп саласын жолға қоюда қарқынды қадамдарын көріп, ауданның да өзіндік алар асуы бар екеніне көз жеткіздік.

Сұраныс көп, сапалы
әрі арзан сүт аз

Жақын арада Күршім ауданыныдағы балабақша, мектеп, әскери бөлім, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардан, барлық дүкен сөрелерінен ауданның өз ішінде өндірілетін пастерленген сүт өнімдерін көре аламыз. Тұрғындар да енді сүт өнімдерін 220-250 теңгеге сатып алып, қалта қаражатын үнемдейді. Өйткені ауданға қазіргі тасымалданып жүрген сүттің бағасы 400 теңгеге жетеді.

- Өскеменнен тасымалданатын сүттің бағасы паром арқылы немесе айналма жолмен жету арқылы шығынмен келеді, жол шығынына байланысты сүттің бағасы да қымбатқа шығады. Ал біз 250 теңгеге сатамыз деп жоспарлап отырмыз. Сүттің дәмі де тіл үйіреді, табиғи, ешқандай қоспасыз, майлылығы 2,5 %, 3,2 %. Әзірге ашық сатылымға шыққан жоқ, құжаттар дайындалып жатыр, - дейді игі істі қолға алып отырған Баймұхамбетовтер отбасы.

Бұл - алғаш ашылған жаңа сүт зауыты Күршім ауылында емес, аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Қаратоғай (Қалғұты) ауылында. Тәулігіне 2 тонна сүт өндіруді көздеп отырған "Арын" ШҚ иесі Бақытжан Баймұхамбетовтың айтуынша, өндіріс толық қуатына көшкен кезде йогурт та шығару жоспарда бар. Әзірге кәсіпорын мамандары нарықты зерттеп, тұтынушының сұранысына сай айран, ірімшік, құрт, кілегей сияқты
8 түрлі тауар шығаруға талпынып жатыр. 

- Сүт фермасы биылғы жылдың басында құрылды. Ондағы малдар Ресейдің Барнаул қаласынан әкелінді. Ал сиырларды Новосібірден әкелінген сүт құрылғысымен сауамыз. Қазіргі күні әр сиырдан күніне 15 литр сүт аламыз, сауылған сүт зауытта өңделеді. Басқа ауыл тұрғындарынан да сүт қабылдайтын арнайы көліктер бар. Енді тұрғындар өзінде бар сүтті 80-100 теңгеден өткізіп, қосымша пайда көре алады. Жалпы зауыт пен сүт фермасына 25 млн теңге қаражат кетті, - дейді қожалық иесі.

Шағын сүт өңдеу зауыты Күршімдегі Алғабас пен Сарыөлең ауылдарында сүт қабылдау орындарының ашылуына да себеп болды. Аталмыш ауылдарда өнімді салқындатып сақтауға арналған 2 модуль дайын. Иелері тек зауыт жұмысының басталғанын күтіп отыр.

Шаруасы өрге басқан қожалық

Қазір "Арын" ШҚ-ның қарамағында 5700 гектардай жайылым алқабы, 150 шақты симментал ірі қара, 2000 ұсақ мал мен 150 бастай жылқы бар. Шаруашылықты кешенді түрде дамытуды қолға алған Бақытжан шаруа 2 жыл бұрын өзінің шұжық, бұқтырылған ет шығаратын цехін ашқан. Себебі етті ет күйінде саудалағаннан гөрі оны өңдеп сатқанның тиімді екенін шаруа өте жақсы біледі. Барлық кәсіпке ие болу, әрине, мүмкін емес, сондықтан аталмыш цех жұмысын қазір ұлы Ерасыл дөңгелетіп отыр. Қуаттылығы да жаман емес, кәсіпорында күніне 250 келі шұжық пен 1000 банкі консерві өндіріледі.

- Ешқандай қоспасыз, таза еттен жасаймыз. Шұжығымыз халал. Дүкендерде саудаланатын тауарларға қарағанда әлдеқайда арзан: бір келісі 1200 теңге айналасында. Мемлекеттің қолдауымен кәсіпорынды толық жаңғыртуға мүмкіндік алдық, заманауи жаңа құрылғылармен толықтырып, қазіргі жабдықтарды жетілдірдік. Цех заман талабына сай тәсілдермен жұмыс істейтін болады, - дейді "Шығыс-ЖҚ" АӨК-нің иесі Ерасыл Баймұхамбетов.

Ауданды сапалы өніммен қамтып отырған кәсіпорын алдағы уақытта облыс нарығын бағындырмақ ниетте. Сол үшін мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізіп жатыр.

Шағын ет цехі азық-түлік өнімдері қауіпсіздігінің еуропалық талаптары бойынша жобаланған. Алдағы уақытта шаруасы өрге басқан шаруа қожалығы одан әрі кеңейіп, дамуды жоспарлап отыр. Бәсекеге қабілетті кәсіпорын ретінде өңірдің дамуына үлесін қосып келе жатқан кәсіпорын мемлекеттен қолдау болатындығына сенімді. 

Бақытжандар жарады

Ежелден мал шаруашылығы өркен жайған ауданда мал бор­да­қылауды кәсіп еткен тұрғындар мен шаруа қожалықтарының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Жоғарыдағы сүт фермасы мен сүт өңдеу зауытының иесі жақында 2 мың басқа ар­налған бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр. Бордақылау алаңы қарашаның соңына қарай жұмысын бастайды. Мал шаруашылығымен айналысқанына 20 жыл болған қожалықтың иесі Бақытжан Бамұханбетов "бордақылау алаңында тек бұқаларды ғана жемдейміз" дейді. Ал сауынды сиырлар үшін қоражай бөлек.

Қаратоғай ауылындағы бұл мал бордақылау алаңынан бөлек, Сарыөлең ауылындағы "Тіршілік" ШҚ иесі Бақытжан Мяселев 50 ірі қара малға шақталған тауарлы сүт фермасын ашты. Ферма қожайыны былтыр "Сыбаға" бағдарламасымен 25 млн-ға несие алып, қосымша өз қаржатын қосып, Ресейден асыл тұқымды 42 симментал ірі қара малын әкелген. Биыл бұл ірі қара мал басынан 40 бұзау төлдеп, мал басын көбейтіп жатқан жайы бар.

- Малдар етті, сүтті. Жергілікті сиыр-лар бір сауғанда 3-4 литр ғана сүт беретін. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жеке сүт өңдеу зауытын ашсам деймін. Жергілікті әкімшіліктегі басшылар қолдау көрсетіп отыр. Жерім бар, тек жұмыс істеу керек, - дейді Бақытжан Мяселов.

Иә, ауданда бос жатқан жерлер көп. Тек ол жерлерді іс қылатын жан табылса... Жалпы Күршімнің ауылшаруашылық саласының әлеуеті жоғары. Тек ауданға ауыл шаруашылығының жаңашыл-инновациялық әдістерін жетік меңгерген білікті мамандар жетіспейді. Аудан әкімі Дулат Қажановтың айтуынша, тіпті, шаруа ашып, ауданның дамуына үлес қосамын деген ниеттің өзі жеткілікті. Ауылдың өркендеуіне, дамуына қомақты қаржылар бөлініп жатқанда, ауылға сол қаржыны әкелетін, игеретін, жүзеге асыратын, жетістікке бастайтын мамандар болса, нұр үстіне нұр.

- Кеңес заманы ыдырағаннан кейін, қажетті шикізат жетіспей, бұл сала тұралап қалды. Енді сол олқылықтың орны толтырылды. Енді өздеріңіз көргендей, тәуелсіздік алғалы ауданда алғашқы сүт зауыты мен ет, шұжық өңдеу цехін аштық. Аталмыш жобалар кластерлік жолға қойылған. 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Кейін бұл зауыт өнімдері дүкендерге, мектептерге, ауруханалар мен әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Потенциалы өте жоғары. Бұлай қарқынды жұмыс істей берсе, аудан одан әрі дами бермек. Ауылдық жерлерде мемлекеттің қаржылай қолдауын пайдаланып, кәсіптер ашыла берсін. Қазіргі уақытта ауданда 78 мың ірі қара мал бар, оның 40 мыңы сауын сиырлар. Ертең бұл малдар үлкен сұранысқа ие болады, - дейді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.


Следующая →