Өрт кезінде ішімдікке мас үй иелері шырт ұйқыда жатқан
Демалыс күні Глубокое ауданының Белоусовка ауылындағы жер үйден өрт шығып, ерлі-зайыптылар өртеніп кете жаздады
Түскі уақытта будақтаған түтінді көршілері байқап, өрт сөндіру қызметін шақыртқан. Ол уақытта ішімдікке мас үй иелері шырт ұйқыда жатқан. Айқай-шудан оянып кеткен ерлі-зайыптылар сыртқы шығуға талпынғанымен жалын кіре берісті түгел жалмаған еді.
Оқиға орнына №24 өрт сөндіру бөлімінің мамандары бірінші жеткен.
- Біз төңіректі барлап тұрған уақытта көршілердің бірі терезені сындырып үлгерді. Үй ішіндегілер терезеден сыртқа шықты. Олар зардап шекпеген, сондықтан медициналық көмек қажет болмады. Ауруханаға барудан бас тартты, - дейді №24 өрт сөндіру бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейрамбек Дайранов.
Тағы №23 өрт сөндіру бөлімінен қосымша күш пен техника, тау-кен құтқарушылары жасағы да жеткен. Барлық күш тілсіз жаумен күрес жұмыстарына жұмылдырылып, өрт сөндірілді. Өрт ошағы кіре беріс бөлмеде болып, ал есік қатты жабылып қалғандықтан жалын ішке ене алмады. Сол себепті де ерлі-зайыптылар аман-ескен құтылды.
Облыстық Төтенше жағдайлар бойынша департаменттің баспасөз қызметі мәлімдегендей, жалпы өрт аумағы 120 шаршы метр. Үй ішінен 27 литрлік газ баллоны да дер кезінде шығарылған.