Қамқоршысынан айырылған бойжеткенге баспана кілтін сыйлады
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі қамқоршысынан айрылған қызға пәтер кілтін сыйлады
Ағымдағы жылдың мамыр айы аягөздік Еркежан Ерсінқызы үшін ерекше болды. Өйткені бойжеткен өз пәтеріне қолжеткізді. Тағдырдың қатал сынына бала күнінен душар болған оған баспана алып беруге Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы себепкер болып отыр. Облыстық білім басқармасымен арадағы ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша өзара ынтымақтастық туралы әлеуметтік шарттың негізінде мектеп ұжымы Еркежанның тұрғын үй жинақ қорына 2013 жылдан бері қаржы аударған. Енді, міне, бойжеткен кәмелеттік жасқа толысымен қордағы ақшаға пәтер сатып алып берудің сәті түскен.
- Қазақта "Жетім көрсең, жебей жүр" деген жақсы бір сөз бар. Біздер мектеп ұжымы қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаларға бейжай қарай алмаймыз. Ұрпақ тәрбиелеуші ретінде бізді дәл осы Еркежандай жастарымыздың келешегі алаңдатады. Қызымыздың бақытты сәтіне ортақтасып, арманына қол жеткізуіне себепші болғанымызға бізде қуаныштымыз. Біз пәтерді таңдау құқын Еркежанның өзіне бердік. Тек тиісті құжаттарының дұрыс рәсімделуіне қызметкерлеріміз көмектесті. Бұл баспана оған құт,береке әкелетін шаңырақ болсын деп тілейміз, - дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов.
Еркежанның таңдауы 1 бөлмелі екінші деңгейлі пәтерге түсті. Дегенмен барлық коммуникациялық желілері іске қосылған, жылы, жарық баспана. Ең бастысы пәтер тұрмысқа қолайлы ауданда орналасқан.
- Өз баспанам болғанын армандасам да, аяқасты үйлі боламын деп еш ойламаппын. Тіптен, мектептен хабарласып, сенің банкте есеп-шотың бар, сол шоттағы ақшаға үй алып береміз дегенде мүлдем сенбедім. Бүгін қуаныштан толқып тұрмын. Өмірде қайырымды, жанашыр адамдардың бар екеніне көзім жетті. Маған көмектескен аға-апайларыма мың алғыс айтамын, - дейді Еркежан Ерсінқызы.
19 жасар бойжеткен әкесінен сәбиінде, анасынан 12 жасында айырылыпты. Соңғы 5 жылдан бері немерелес ағасы Роллан Суықбаевтың шаңырағында тұрып жатыр. Қазір Аягөз қаласындағы политехникалық колледждің 3-курсында "Бағдарламашы" мамандығында оқып жүр. "Оқуымды университетте жалғастыру жоспарымда бар. Келер жылы қалаға келемін" - деген Еркежанға мектеп ұжымы баспанасының алғашқы жиһазы ретінде микротолқынды пеш сыйға тартты.