Үйде босанатындар неге көйбейіп кетті
Облыста 40-қа жуық әйелдің шариғатқа қарсы деп перзентханаға бармай, үйінде босанғаны рас па?
Дінді желеу етіп, вакцинадан бас тартатындар қоғамға несімен қауіпті? Ал шариғаттың медицинаға қарсы пәтуасы бар ма?
Тіпті, шариғатқа қайшы деп перзентханаға бармай үйде босанатындардың саны артқан Олар медициналық қызметке діни көзқарастары үшін жүгінбейді екен. Жаға ұстатар жаңалықты нақтылау үшін, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық.
- Жедел жәрдем келгенге дейін үйде босану жағдайлары кездесіп отыр. 2018 жылдан бері көрсеткіш өсіп, 36 әйел перзентханаға бармай, үйде босанған, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мүхамеджан.
Осылайша перзентханаға бармай, үйінде-ақ, дәрігердің көмегінсіз 40-қа жуық әйел босанған және оның бес-алтауы жүкті әйел ретінде ешқандай медициналық есепке де тұрмапты. ХХІ ғасырда отырып, үйінен шықпай, босана салғандар тіпті, толғақты түсінбей қалады дейтіндей, баланы бірінші рет босанған әйелдер де емес екен. Сонда бұл кісілердің үйде отырып босануына, ай-күні жетсе де, перзентханаға бармай қалуына не себеп болды екен?
- Оларға себептер жетеді. Көпбалалы әйелдердің физиологиялық ерекщелігіне байланысты жедел босану, жүкті әйелдердің жиі көшіп-қону себебінен уақытында емханада тікеуде тұрмауы және жеке бас себептері, - дейді басқарма басшысы.
Ал діни ұстанымын алға тартып, медицинаға жүгінбей қойғандардың санын денсаулық сақтау басшысы нақтылап айта алмады. Айналып келгенде, мәселе санда ғана емес. Біздің қоғамда дінді желеу етіп, үйде босану тенденциясы бар деген сөз. Мұндай қараңғылық қайдан шықты? Шариғатта медицинаға жүгінуге тыйым салатын пәтуа бар ма?
- Шариғатымызда әйел адам әйел адамға, ер адам ер адамға көріну керек деген талап бар. Бұл жерде көз, қол зинасы орын алатыны белгілі. Анығында, барлық нәрсе ниетке байланысты. Ал енді мүлдем барып, ауруханаға босанбаймын, ешкімге көрінбеймін деу - қателік, - дейді "Халифа Алтай" облыстық мешітінің наиб-имамы Қанат Дауылбай.
Яғни, дін - медицинаға қарсы емес. Бірақ діни ұстанымын алға тартып, вакцина мен үйде босанудан бас тартып жатқандардың саны да артып келетініне, әйелдердің үйде босануы жиілегеніне дәрігерлер алаңдаулы. Өйткені көп жағдайда баспанада санитариялық талаптар сақталмайды. Әрі болашақ аналарда туу кезінде қан кету және басқа да кеселдердің асқыну қаупі жоғары. Бұған қоса елімізде акушер-гинекологтарға медициналық мекемеден тыс жерде әйелдерді босандыруға заң жүзінде рұқсат етілмеген.
Жалпы мұндай үрдістің белең алуы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын толғандырып отырған көрінеді. Әлемде жылына 14 млн жаңа туылған сәби шетінесе, өз үйлерінде туған сәбилердің өлі туу көрсеткіші 4 есеге артқан. Яғни, әрбір 10 мың сәбиден 12-сі жарық дүниемен қоштасқаны анықталған. Өкінішке орай, үйде босанамын дейтін әйелдерге ешқандай шектеу де болмай отыр. Тек сот-сараптамалық негізде баласын растап, машақатын тартқан бірен-саран ата-аналар бар. Әйткен күнде оларға туу туралы куәлігі берілмейді екен.