Көлікжайларды тонап жүрген ұры қолға түсті
Ұры көлікжайларға шатыр арқылы, есік құлпын жұлып ашып кіріп жүрген
Семей қаласының Әуезов полиция бөліміне тонау туралы бірден бірнеше арыз түскеннен кейін, тәртіп сақшылары ұрыны іздей бастаған. Әккі қылмыскер ақыры полиция қызметкерлерінің қолына түсті.
Семей қаласының Полиция бөлімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпараттарға сүйенсек, ұры көлікжайларда тұрған шойын батарея, аккумулятор, генератор, стартер, бұранда салынған құтыларды алып кеткен.
Ұрының артынан ұзақ аңдыған тәртіп сақшылары оның алдынан сан рет қақпан құрған. Ақыры тағы бір қылмысының үстінен түскен. Ол бұрын бірнеше рет істі болған 32 жастағы жұмыссыз тұрғын болып шыққан.
- Күдікті қылмысын мойындады, - деп мәлімдеді мекеменің баспасөз қызметі. - Оның осындай төрт тонау ісіне қатысы бары анықталды. Жалпы келтірген шығын 700 мың теңге.
Мамандар ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі «Қылмыс» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанда, күдікті уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Оның басқа да қылмыстық істерге қатысы бар-жоғы анықталады.