Өскемен
ясно
+12°
  • Өскемен
    +12°
  • Алматы
    +11°
  • Астана
    +16°
  • Ақтөбе
    +21°
  • Актау
    +22°
  • Орал
    +19°
  • Қарағанды
    +13°
  • Көкшетау
    +18°
  • Қостанай
    +23°
  • Қызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +21°
  • Тараз
    +12°
  • Туркестан
    +19°
  • Шымкент
    +14°
$
443.35
475.54
¥
61.18
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Ардан безген әкелер азаймай тұр

Қылмыстық істер жөніндегі облыстық соттың судьялары соңғы уақыттары өңірде айтуға ауыз бармайтын әрекеттердің көбейгенін, соған орай химиялық кастрацияның да қолданысқа енгенін айтып, мәселе көтеруде

Ал Шығыс Қазақстан облысы мұндай ауыр жазаны қолданып жатқан алғашқы аймақтардың бірі болып отыр. Өйткені соңғы екі жылда ересектер тарапынан кәмелеттік жасқа толмаған балаларға жыныстық зорлық жасау бойынша бірнеше іс қаралған. Нақтырақ айтсақ, алдыңғы жылы бала зорлаған 23 педофил сотталған болса, былтыр 16 азғын темір торға тоғытылған екен. Биыл үш айдың ішінде екі педофилге сот үкімі шыққан. Тіпті, арасында өз қызын өзі зорлаған арсыздар да бар. 

Жауапсыз аналар да жоқ емес

Осындай оқиғалардың бірі былтыр Риддер қаласында болған. Ардан безген әке үйдің отанасы қонаққа кеткенін пайдаланып, үлкен қызына зорлық жасаған. Тіпті, ісін тындырған соң, қызын ертіп, қонаққа кеткен анасын алып қайтуға жолға шығып, қысты күні көше ортасында тағы да қорлаған. Абыройынан айырылған қыз сол түні-ақ тәтесі мен анасына болған жайтты айтып, полицияға хабар берген. Қыздың зорланғанын медсараптама да дәлелдеген. Алайда оқиғаның "көкесі" кейін болды.
- Қыздың анасы болған жағдайға көз жұмып отыр. Күйеуін жақтап, оны сот залынан босатып жіберуімізді өтінді. Айтуынша, ер адам моральдық шығын мен өтемақыны қайтарып берген. Сондықтан босатуды сұраған екен. Біз, шынымен, таңқалдық, - дейді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының төрағасы Қайрат Чақпантаев.
Алайда заң бойынша мұндай қылмысқа кешірім берілмейді, тек ауыр жаза ғана қолданылады. Яғни, 15 жылға темір торға тоғытылады, ал босап шыққан соң, химиялық кастрация жасалады.

Ең сорақысы сол - өз қызын өзі қорлаған бұдан басқа да қарабет әкелер бар. Тағы бір жүзі қара еркек үш жыл бойы өгей қызына қорлық көрсетіп келген екен. Анасы мен әкесі ажырасқаннан кейін, анасы басқа азаматпен бас қосып, бір ұлды болады. Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан отбасының қайғысы кейін басталды.
Бір күні жұмыссыз жүрген отағасы үйге мас болып келіп, аяқ астынан қызына көзі түсіп, хайуандыққа барады. Содан бастап қыздың да көрген күні тамұққа айналды. Қарсы келуге дәрменсіз, ал анасына, құрбы-құрдастарына айтайын десе, ұялады. Оның үстіне, анасы мен қызы өгей әкесінің үйінде тұрып жатқандықтан, күндіз-түні жұмыста жүрген анасының да ауыр жағдайына жаны ашыған көрінеді. Тіпті, өз-өзіне қол жұмсамақ та болған екен.

Алайда әбден қорланып біткен қыз бір күні полицияға келіп, бәрін жайып салады. Тәртіп сақшылары педофилді ұстағанымен, кейін анасы мен өгей әкесінің шешесі қызды үгіттеп, арызды қайтарып алады. Бұдан кейін еркек те жуасыған сыңайлы болған. Бірақ бір күні тағы ішімдікке сылқия тойып алып, "тірлігін" тағы жасамақ болады. Алайда бұл жолы жымысқы әрекеті іске аспады. Өйткені қыздың арызды өз еркімен алмағанын тамыр басып танып отырған тергеушілер "бірдеңе бола қалса, хабарласарсың" деп оған телефон нөмірін беріп жіберген екен. Бойжеткен де "әкесінен" қашып жүріп, тергеушіге хабарласып үлгерген. Тәртіп сақшылары да нәпсісіне ие бола алмаған еркектің үстінен түсіп, бұлтартпас айғақ тауып, темір тордан бір-ақ шығарады.
- Бұл жолы да таңқалмасқа шара болмады. Өйткені отанасы қызының қорлықта жүргенін біле тұра, шара қолданбаған. "Мен не істей аламын? Үй-күйіміз жоқ. Қайда барарымызды білмейміз. Содан көнуге тура келді" деп ақталады анасы. Ал күдікті он бес жылға бас бостандығынан айырылған кезде, ол облыстық апелляциялық сотқа "күйеуімді қайтарыңыздаршы, есалаң қызымның кесірінен сотталып кетті" деп шағым түсірді. Өзінің қызын өзі жынды қылып көрсетті. Сондықтан аналық құқығынан айырылды. Ал бойжеткен балалар үйіне жіберілді, - дейді судья.

Химиялық кастрация жасау басталды

Қазір әлемде азғындықтың түр-түрі жайылып жатыр. Нәпсінің құлына айналғандар көп. Бұрын ауыз айтып, құлақ естуге ұялатын дүниелер қазір жан-жақтан жарияланып, жер-жаһанға мәлім, әйгілі болуда.

Қазақстанда былтырдан бастап педофилизм дерті қоғамда қызу талқыға салынып, бұған ауыр жаза қолдану туралы заң да қабылданды. Заңда педофил деп айыпталған күдіктіге 

15 жыл бас бостандығынан айыру мен босап шыққаннан кейін химиялық 
кастрация жасау әдісі қолданыла бастады.
- Химиялық кастрация медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының бір түрі болып табылады. Химиялық кастрация сот шешімінің негізінде кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушіліктеріне қарсы қылмыс жасаған тұлғаларға қолданылады, - дейді облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Жанболат Қалетаев. 
Ағзаға егілген арнайы дәрі тестостерон гормонын азайтып, нәпсісін біраз уақыт тиюға көмектеседі. Мамандардың айтуынша, препарат қабылдаған ер адам үш-төрт айдай селқос жүреді, одан кейін қайта "құтыра" бастайды. Сол кезде тағы инъекция салынуы керек.

Ал қылмыскерді химиялық тұрғыдан "піштіру" үшін соттың психиатриялық сараптамасы қажет. Яғни, ер адамның балаларға жыныстық зорлық жасауға бейім, патологиялық ауытқушылығы бар екендігі дәлелденуі тиіс.
- Кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткен күдіктілердің барлығына сот сараптамасы жасалады. Содан кейін шешім шығарылады. Ал былтыр заң қабылданғаннан кейін биылдан бастап химиялық кастрация жасау туралы шешім енгізілді, - дейді облыстық сот судьясы Назгүл Рахметуллина.
Ал педофил деп айыпталып сотталғандардың кейбірі қазір бостандыққа шыға бастады. Ал оларға қандай жаза берілмек?
- Зорлау дерегі бойынша сотталып, бостандыққа шыққандарға психиатриялық сараптама жасалып, химиялық кастрация жасаудың қажеті бар не жоғын анықталады, - дейді Назгүл Рахметуллина.

Жазаны бозбала тартады

Ересектер тарапынан кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету фактілері көбейгенімен, кәмелеттік жасқа жетпеген бозбалалар мен бойжеткендер арасында зорлық көрсету фактілері азайған. Бұған дейін партадағы аналардың көбейгендігі жайлы жиі айтылған болатын. Ал осы іспен айналысатын сот судьяларының айтуынша, мұндай жағдайлар биыл кеміген екен.

Алдыңғы жылы осындай 10 факті орын алса, былтыр 20 факті, ал биыл төрт айдың ішінде үш қана факті тіркелген.
- Көбінде, кәмелетке толмаған қыздар жүкті болып қалған кезде ғана "мені зорлады" деп арыз жазады. Алайда сот залында бойжеткен мен бозбаланың өзара келісіммен қатынасқа барғаны белгілі болады. Бірақ бұл заңға томпақ. Бұл жерде бозбала бәрібір кінәлі болып шығады. Заңда 16 жасқа толмаған қыздармен жыныстық қатынасқа барудың қылмыстық іс, үйленудің қайшы екендігі нақты белгіленген. Судья бойжеткеннің келісім берген-бермегеніне қарамайды, бәрібір бас бостандығынан айыру жазасына кеседі, - дейді ШҚО №1 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Сания Тұтқанбаева.
Судьяның айтуынша, психологтар мен құқық қорғау органдары және заңгер мамандардан біріккен топ екі жыл қатарынан мектептер мен колледждерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жасөспірімдерге мұның зардаптары қандай екендігі толықтай жеткізілгеннен кейін де зорлық-зомбылық фактілері азайған көрінеді.
- Бозбалалар көбінесе білместікпен барады. Алайда оның салдары өте ауыр екенін ұғынғаны жөн, - дейді судья.

Следующая →