Өскеменде ер адам өртте қаза болды
Оқыс оқиға 29 сәуірге қараған түні Ново-Троицк кентіндегі Набережная көшесі бойында орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің аумағында орын алған
Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары хабарлағандай, өрт вагоннан шыққан.
Шаруашылық қызметкерлері өртті өздері сөндірмек болғанымен, тілсіз жауды ауыздықтай алмаған. Өрт сөндіру қызметі жеткенше олар вагон ішінен денесін күйік шалған 23 жастағы азаматты алып шыққан.
- Оқиға орнына дереу жеткен №3 ӨБ мамандары өртті толықтай сөндірді, - деп хабарлады Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар бойынша басқарманың баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Оның айтуынша, мамандар өрттің шығуына байланысты үш нұсқаны қарастыруда: отты абайсыз пайдалану, қасақана өрт қою немесе электр құрылғыларын жөндеу және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік шараларын сақтамау.
Осы орайда айта кетейік, демалыс күндері қалада барлығы төрт өрт оқиғасы тіркелген.
Мәселен, 27 сәуір күні Потанин көшесіндегі бесқабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінде жиһаз жанып кеткен. Анықталғандай, ішімдікке мас үй иесі диванда жатып, шылым шеккен.
Ал келесі күні Абай даңғылы бойындағы ЖШС-лардың бірінің аумағында тұрақта тұрған "КамАЗ-дан" өрт шықса, дәл осы күні Орман зауыты кентіндегі Тихая көшесінде орналасқан саяжай жанып кетті.