Гагарин бульварында болғанда жол апатынан көз жұмған баланың әкесі мәлімдеме жасады
Гагарин бульварында жаяу жүргіншілер жолында әйел мен баланы қағып кеткен жас жігіт қамаудан шығып кетті
Өскемен қаласының 36 жастағы тұрғыны Рафаэль Салахиев жалғыз ұлынан айырылып, құса болуда. Ал жары Назым қазір ауыр жағдаймен ауруханада жатыр.
Оларды осыдан он күн бұрын жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан кезде Тайота Камри көлігінің 21 жастағы жүргізушісі қағып кеткен еді. Баласы мен анасы ауруханаға жеткізіліп, кейін баланың көз жұмғаны белгілі болды. Ал бүгін, марқұмның әкесінің айтуынша, қамауға алынған жас жігіт те Өскемен қалалық соттың қаулысымен босап шыққан екен. Ол сотқа дейін бостандықта жүрмек. Бұл үшін 300 мың теңгедей кепілдік төлеген. Сот жүргізушінің оқиға кезінде мас болмағанын алға тартқан.
Бұл марқұмның әкесіне қайта соққы болып тиді. Өйткені Рафаэль Салахиев жаяу жүргіншілер жолында жылдамдық асырған жүргізушінің босап шыққаны дұрыс емес, күдікті жазасыз қалу мүмкін деп күдіктенеді.
- Оның лайықты жазасын алғанын қалаймын. Ата-анасынан да ештеңе қажет емес. Ұлымды қайтадан қайтара алмаймын. Жас жігіт жаяу жүргіншілер жолағында жылдамдық асырған. Жанындағы автобус та жолаққа тоқтап, жаяу жүргіншілерді өткізген. Менің әйелім мен ұлым ешқандай да заң бұзған жоқ. Жүргізушіге жылдамдықты 60 шақырымнан асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелген. Менің өтінерім, бұл іс жазасыз қалмаса екен, - дейді қайғылы әке.
Рафаэль әділдікке қол жеткізуді қалайды, сондықтан Бас прокурарор мен Жоғарғы сотқа да шағымдануды ойлап отыр.
Следующая →