ШҚО жолдарын жөндеуге 20 млрд теңге жұмсалады
Биыл облыс әкімшілігі облыстық және аудандық тас жолдарды, елді мекендердің көшелерін жөнге келтірмек
ШҚО Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов 2019 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары бойынша есеп берді.
- Жалпы жөндеу жұмыстарына 19,9 млрд теңге қарастырылған, - деді Нұржан Жұмаділов. - Оның ішінде республикалық және облыстық бюджеттен облыстық және аудандық жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына 6,9 млрд теңге, ал оларды күтіп ұстауға 3 млрд теңге бөлінеді. Көшедегі жол жүйесіне - 10 млрд теңге қарастырылған.
Осы ақшаға 321 шақырым жол жөнделеді. Жөнделетін жолдар: Бородулиха - Жезкент, Семей - Қарауыл, Семей - Курчатов, Өскемен - Самар, Үлкен Нарын - Күршім, Шемонаиха – Үлкен өзен, сонымен қатар Аягөз, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай, Үржар аудандарындағы кіре беріс жолдар.
Жөндеу жұмыстары мамырдан басталады. Осылайша, шенеунік жодардың 79%-ы жақсарады деген сенімде. Ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 95%-ға дейін жетеді.