Жерлесіміз чемпион атанды
Өскемендік оқушы жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионы атанды
Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Лейла Төлегенова шарбалға лақтыру (метание молота), спорттық жүріс және ұзақ қашықтыққа жүгіруден ҚР Қысқы чемпионатында I орын алған.
НЗМ баспасөз қызметі ұсынған ақпараттарға сүйенсек, чемпионатқа Лейла Төлегенова шарбалға лақтыру жарысы бойынша қатысып, қорытындысы 43,66 метрді көрсетті. Осылайша жас спортшы өткен жылғы көрсеткішін жақсартып алды. Өйткені 2018 жылы Жазғы республикалық чемпионатта II орынды місе тұтқан еді.
- Мен Ольга Рыпакова атындағы спорттық кешеннің "Жеңіл атлетика" секциясына 7-сыныптан бері барып жүрмін, - дейді Лейла Төлегенова. - Бейсенбі, жексенбіден өзге күн сайын 3-4 сағаттан жаттығамын. Қысқы республикалық чемпионатқа дейін қалалық және облыстық жарыстарда жеңіске жеткен едім.
Естеріңізге сала кетейік, арбалға лақтыру (метание молота), спорттық жүріс және ұзақ қашықтыққа жүгіруден ҚР Қысқы чемпионаты Алматы қаласында наурыз айының аяғында өткен еді.